Қызылорда облысында бірқатар басқармаларға басшы тағайындалды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бірқатар басқармаларға басшы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалдарбеков Мұса Оспанұлы Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

М.Қалдарбеков 1972 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы технологиялық институтын инженер-механик, экономист мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Кентау тігін фабрикасының слесарі ретінде бастап, Алматы қаласындағы «Кереге» кәсіпорнында басшылық қызмет атқарған. Әр жылдары Алматы қаласының Әуезов, Жетісу және Алатау аудандарының салық комитетінде жауапты қызметтер атқарды.

Салық саласының майталманы ретінде әр жылдары Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Батыс Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстары бойынша департаменті басшысының орынбасары болды. 2019-2021 жылдары Қармақшы ауданының әкімі, 2021 жылдан бері Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.

Ал Қызылорда облысының бақылау жөніндегі басқармасына Шәменов Бауыржан Серікұлы басшылық қызметке келді.

Бауыржан Шаменов 1981 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң университеті мен Құқық және нарық академиясын бітірген. Еңбек жолын «Рух» заң компаниясының заңгері ретінде бастаған. Әр жылдары облыстық қазынашылық департаменті мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша басқармасында жауапты қызметтер атқарған. 2008-2013 жылдары облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы болған.

6 жылдан астам облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары лауазымында, 2019 жылдан бастап осы аталған басқарманың басшысы болып қызмет атқарды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысы энергетика және ТКШ басқармасының басшысы тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар