Қызылорда облысында бастауыш сынып оқушылары дәстүрлі форматта білім алады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бастауыш сынып оқушылары дәстүрлі форматта білім алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде оқу форматына қатысты өзгерістер енгізілді. Енді 1-4 бастауыш сыныптағы оқушылар штаттық форматта, мектепке барып оқиды. Ал 600 оқушысы бар ауыл, қала мектептері де штаттық форматта жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, колледждер аралас форматта оқиды. Практикалық, зертханалық, семинар сабақтар, өндірістік практика икемді кесте бойынша штаттық режимде, дәрістер онлайн түрде өткізіледі. Вакцина алған студенттер оқу ордасына келіп, сабаққа қатыса алады. Бүгіннен бастап аймақтағы 30 колледждегі 19 692 студент үшін екінші семестр аралас форматта басталды.

Ертеңнен бастап, яғни 25 қаңтардан 22 ақпанға дейін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады.

«Естеріңізге сала кетейін, бұл тестілеуге шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер университеттерге ақылы негізде түсу үшін қатысады. Аймақтағы 7514 мектеп бітіруші түлектің 6106-ы немесе 81% қатысуға өтініш білдірді. Алғашқы тестілеу күнінде 203 түлек қатысады деп жоспарлануда. Ол үшін 3 тестілеу пункті жұмыс жасайды», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Айта кету керек, барлық білім беру ұйымдары күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режиммен жұмыс жасайды.

Еске салсақ, Қызылорда облысына 8 мың доза «Спутник-V» вакцинасы жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар