Қызылорда облысында Арал теңізі күні атап өтілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл екінші мәрте Арал теңізі күні аталып өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2017 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен Халықаралық Аралды құтқару қоры аталмыш қор құрылған 26 наурызды Арал теңізі күні ретінде атап өту жөнінде ортақ шешімге келген еді. Бұл шешімді Халықаралық тұрақты даму форумы қабылдады.

Осы орайда атаулы күн қарсаңында «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің маңында 800 түп алма ағашы мен үйеңкі отырғызылды. А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Шалқар теңіз сыр шертеді» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шара аясында Арал теңізі туралы фильмнің көрсетілімі, көрме мен концерт көпшілік назарына ұсынылды.

Сыр өңірінің тұрғындары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен ғасыр жобасы - Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасының жүзеге асқанын жоғары бағалайды. 2005 жылы үлкен және Кіші Арал арасында 13 шақырымды құрайтын Көкарал бөгетін салу арқылы оң нәтижеге қол жеткізілді.

2006 жылдың наурызында Кіші Арал теңіз деңгейінен 42 метрге дейін көтерілді. Арал қаласы мен теңіз арасы бұрын бөгет құрылысы басталғанға дейін 75 шақырым болса, бүгінде 17 шақырымды құрайды. Теңіздің тұздылығы айтарлықтай төмендеп, балық кәсібін жандандыруға мүмкіндік пайда болды. Жергілікті балық өнімі қазір Польша, Голландия, Германия, Литва, Грузия, Украина, Ресей және Қытай елдеріне экспортталды.

Соңғы жаңалықтар