Қызылорда облысында адасқан адам құтқарылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында балық аулауға шығып, айдалада адасып кеткен адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«112-бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі» нөміріне жергілікті тұрғын Денис Серегин хабарласқан. Ол туысы Александр Серегиннің балық аулауға шығып, содан қайта оралмағанын мәлім етті. Александр Серегин Ақтай көлі аумағына балық аулауға кеткен екен. Аталмыш көл «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының 94 шақырымынан оңға қарай 60 шақырымдай жерде.

Алғашқы іздестіру шараларына арнайы көліктермен «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағынан» 4 құтқарушы, облыстық полиция департаментінен 3 қызметкер және туысы шықты. Дегенмен бұл сәтсіз аяқталды.

«Одан кейін іздеу шаралары тағы да жалғасты. Оған жоғалған азаматтың туыстары өздерінің таныстары Александр Петерс пен Ержан Шалбаевты да қатыстыруды сұраған. Аталған азаматтар құтқарушылар мен полиция қызметкерлерімен бірге жолға шықты. Бұл жолғы іздестіру шаралары өз нәтижесін берді», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Айгүл Нұрманова.

Іздестіру шаралары барысында Александр Петерс пен Ержан Шалбаев жерде бүрісіп жатқан Александр Серегинді тауып алған. Жоғалған азаматтың жүруге шамасы келмей қалған екен. Ол дереу сол маңда іздеу шараларын атқарып жүрген құтқару қызметі мамандарына жеткізілді. Жоғалған азамат өзін табуға атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді. Жергілікті тұрғындар осылайша тиісті сала мамандарымен бірігіп құтқару шараларына белсене атсалысты.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан Қызылордада Қызылорда облысында көктайғақ салдарынан жолда қалған жолаушылар құтқарылғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар