Қызылорда облысында 7119 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ақпан айынан бері 7119 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірге сәуір айында тағы 12 мың доза вакцина келді. Жалпы шілде айына дейін 80 мың доза әкелінеді деп күтілуде.

Облыста коронавирус инфекциясына қарсы екпе 1 ақпан-4 сәуір аралығында алғашқы компонентте 7119 адамға салынса, екінші компонентте 2623 адамға егілді. Олардың 3377-і медицина қызметкері, 1610-ы мұғалім, 1290-ы полиция қызметкері, 255-і әлеуметтік, 270-і мемлекеттік қызметкер және 285-і басқа да сала өкілдері.

«Вакцинациялау №1, 3, 4, 5, 6 қалалық емханада, барлық ауданда және Байқоңыр қаласында жүргізілуде. Бұл мақсатта алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде 14 егу кабинеті дайындалған. Барлық екпе талапқа сай, температуралық режимді қадағалайтын арнайы машинамен халық санына байланысты екпе егу орындарына жеткізілуде», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов.

Айта кетейік, екпе салатын медицина қызметкерлері жеткілікті. Емханаларда кезекті болдырмау жолдары да қарастырылуда. Мәселен, екпені ерікті түрде салуға ұсыныс берген мекемелерге дәрігерлер барып, вакцина салып беруде.

Бұған дейін Қызылордада 417 полицейдің коронавирусқа қарсы вакцина қабылдағаны хабарланған болатын.



Соңғы жаңалықтар