Қызылорда облысында 3 374 нысан «Ashyq» жүйесіне қосылған

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 3 374 нысан «Ashyq» жүйесіне қосылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі күнге дейін аталған жүйе арқылы 839 адамның өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғандығы анықталды. Оның ішінде 537 адам «қызыл», 302 адам «сары» мәртебеде болған.

Инфекция жұқтырған болып есептелетін «қызыл» мәртебедегі 61 адамға 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Ал коронавирус инфекциясымен ауырған адамдармен қарым-қатынаста болған «сары» мәртебедегі 139 адамға тиісті қаулы шығарылды.

«Халық арасында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында үй карантині режимін қатаң сақтауды сұраймыз. Қоғамдық орындарға бармауға, COVID-19 індетін тарату қаупінің алдын алуға шақырамыз», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Еске салсақ, Қызылорда облысында жыл басынан бері 12 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған.


Соңғы жаңалықтар