Қызылорда облысында 20 млн теңгенің сапасыз асфальты төселген
2022 жылғы 24 маусым 14:54

Қызылорда облысында 20 млн теңгенің сапасыз асфальты төселген

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 63 жол құрылыс материалы нормативтік талаптарға сай емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда филиалы жолшылардың жұмыс маусымы басталған уақыттан бері 169 мәрте тексеруге шықты. Олардың арасында ішінара 508 сынама зертханалық зерделеуден өтті. Тексеру барысында 63 жол құрылыс материалы нормативтік талаптарға сай болмай шықты. Біздің мекеме тарапынан мердігерлер мен тапсырыс берушілерге ескертпе хаттамалар жіберілді. Сондай-ақ 20 миллион 350 мың теңгенің сапасыз асфальт жамылғысы қырып алынып, нормаға сай қайта төселді. Салдарынан жол салушы компаниялар едәуір шығынға батты. Сондықтан аталған сала мамандарына жолдарды сапалы салуға маңыз беруін сұраймыз», - дейді филиал директоры Ерболат Көштаев.

Мамандардың айтуынша, көбіне асфальттың тығыздығы мен қалыңдығы нормаға сәйкес келмейді.

Яғни, жолдың құрылысына жауапты техникалық қадағаушылар тиісті бақылау жүргізбей, мемлекеттік стандартқа сай келетін зертханаларға жүгінбейді.

Еске салсақ, Қызылордада тұтынушылар құқығын қорғауға байланысты түсетін шағым 30,4 есеге көбейген.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT