Қызылорда облысына биыл 42 мыңнан астам турист келді

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл 42 мыңнан астам турист келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы жартыжылдықта өңірге 42 236 адам турист ретінде келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға ұлғайғанын білдіреді.

Жергілікті туризмді дамыту және Сыр өлкесінің тарихы мен мәдениетін насихаттау мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы ұйымдастырылуда. Жоба аясында 31 тарихи-танымдық экскурсия мен 3 тарихи экспедиция өткізілген. Облыста 12 демалыс орны және 13 туристік фирма жұмыс істейді.

«Бүгінгі күні 6 нысанды іске қосып, 120 жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Биыл өңірдің туристік әлеуетін дамыту мақсатында облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, «Қолөнер – асыл қазына» жобасы қолға алынды. Шараның басты мақсаты − халқымыз қастерлеген ұлттық өнеріміздің жас ұрпақтарға үлгі боларлық тәрбиелік маңызын айқындау», - деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Тасқараев.

Ежелгі қалалар мен тарихи ескерткіштердің дені Сыр өлкесінде шоғырланған. Тарихы терең өлкеде 545 тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған. Тағы бір айта кетерлігі, Сыр бойында экстремалды туризмді дамыту үшін Қарақұм және Қызылқұм сияқты шөлді аймақтар шетелдік туристердің қызығушылығын арттырып келеді.

«Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы қарқынды жүзеге асырылды. Сол арқылы «Қасиетті Қазақстан энциклопедиясының» 3-ші томына облыс бойынша 12 ескерткіш енгізілді. Сондай-ақ, «Өңірлік қасиетті нысандар» жобасында 60 нысан бар. Облыс бойынша арнайы жобалар бекітіліп, онда 41 тарихи-мәдени мұра нысандары қамтылған. Олар Арал ауданынан басталып Жаңақорған ауданына дейінгі аумақты қамтып өтеді. Онда Аралдың кепкен табанындағы Араласар қалашығы, Кердері кесенесі, Жент, Жаркент, Сығанақ қалашықтары және басқа да ерекше кесенелер мен мұнаралар бар. Ескерткіштердің инфрақұрылымын жетілдіруге де үлкен мән беріліп жатыр. Атап айтсақ, Сығанақ, Жанкент қалашықтары қорғау аймақтары бойынша қоршалып, стелалар бой көтерді. Облыс көлемінде тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау мен насихаттау және сақтау мақсатындағы жұмыстар жүйелі жалғасын табуда», - деді облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Садықов.

Сондай-ақ, Қызылордада «Сыр өңірінің фольклорлық антологиясының» бірінші томы жарыққа шықты.



Соңғы жаңалықтар