Қызылорда облысы табиғи ресурстар басқармасының басшысы тағайындалды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жаңа басшысы тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл қызметке Марат Құрманбаев келді. Ол 1963 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Жамбыл гидро мелиоративтік-құрылыс институтын «инженер-гидротехник» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1980 жылы «Қызылордаводстрой» тресіне қарасты ПМК-9 мекесінде жұмысшы болып бастаған. Аталған мекемеде 1990 жылға дейін бригадир, өндірістік жоспарлау бөлімінің инженері, гидротехникалық құрылыс жөніндегі мастері қызметтерін атқарған.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын ең төменгі сатыдан бастап, кәсіби біліктілігі мен жоғары ұйымдастырушылық қарым-қабілеті арқылы Қызылорда облыстық табиғат қорғау комитеті Жалағаш аудандық басқармасының басшысы, Арал-Сырдария экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекция бөлімінің бастығы, облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасы бастығының орынбасары - Бас мемлекеттік экологиялық инспекторы қызметіне дейін саты-сатысымен, мансаптық өсу қағидатымен көтерілген.

Экология саласының майталманы ретінде ол 2013-2014 жылдары Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінде Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің басшысы, 2015-2019 жылға дейін Энергетика министрлігінде мұнай газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облысы бойынша экология департаментінің басшысы болды.

Ал 2019 жылдың тамыз айынан бастап экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда, Жамбыл облыстары бойынша департаменті басшысы қызметтерін атқарды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысы энергетика және ТКШ басқармасының басшысы тағайындалды.



Соңғы жаңалықтар