Қызылорда облыстық ҚХА мүшелері қайырымдылық шараларын жалғастыруда

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Коронавируспен күресті күшейту бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен этномәдени бірлестіктің өкілдері және волонтерлер орталығының еріктілері халыққа көмек көрсетуде белсенділік танытуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Славяне» этномәдени бірлестігінің белсенділері мен волонтерлер үй жағдайында ем алып жатқан бірлестіктің 6 өкілінің үйлеріне барып, азық-түлік пен дәрі-дәрмектер үлестірді.

Осы сында қайырымдылық акциясын корей, татар және неміс этномәдени бірлестіктерінің белсенділері жалғастырып, 12 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті.

Этномәдени бірлестіктерге облыстық ҚХА тарапынан коронавируспен күреске күш біріктіру қажеттілігі туралы үндеу тасталып, нәтижесінде белсенділер келесі шараларға ат салысты.

Волонтерлер оттегі баллондарын іздестіру, баллондарды оттегімен толтырып, тасымалдау жұмыстарына белсене қатысып, қайырымдылық шараларына белсене қатысты.


Облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі К. Дадашев бір топ кәсіпкерлермен бірлесіп облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына өкпені жасанды желдету аппаратын алып берді. Одан бөлек, аурухана қызметкерлеріне үлестіру үшін 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліп, 7 тонна жанар-жағар май (бензин) берілді.

Өзбек этномәдени бірлестігінің белсендісі, «Квант» ЖШС директоры А. Шайымкулов өз иелігіндегі 4 редукторды Қызылорда қалалық ауруханасына ұсынды.

Жаңақорған кенті және жақын орналасқан елді мекендерде волонтерлер «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорымен бірлесіп 3 ірі қара, 25 уақ малды құрбандыққа шалып, әлеуметтік аз қамтылған 256 отбасыға 1 т. 230 кг. ет таратылды.


Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған волонтерлер орталығының еріктілері кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Біргеміз. Сабақтастық» жобасы аясында қайырымдылық көмек көрсетті. Акция барысында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы тәрбиеленушілерінің отбасыларына азық-түлік себеттері үлестірілді.

Арал қаласында белсенді жастардың қатысуымен уақ малды құрбандыққа шалып, 4 отбасыға үлестірді. Сонымен қатар, аудан орталығында халық көп шоғырланған жерлерде медициналық бетперделерді тегін үлестіру шараларын жүргізуде.


Соңғы жаңалықтар