Қызылорда мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалар бойынша алдыңғы орындарда келеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы еліміз бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларды жүзеге асыру бағытында алдыңғы орындарда келеді. Бұл бойынша өңірлер рейтингісінде Шығыс Қазақстан облысынан кейінгі екінші орында тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда Сыр өңірінде 116 мемлекеттік- жекешелік әріптестік жобасы жүзеге асырылып отыр. Оның жалпы құны 34 млрд теңгеден асады. Олардың арасында 38 жоба бойынша 13,8 млрд теңгенің келісімшарты жасалған. Бұл жобалар экономиканың барлық саласында қолға алынған. Әсіресе, ауылдық жерлердегі жобаларға басымдық берілген. Нақты айтқанда, жобалардың жалпы санының 67 пайызы ауылдық жерлерге тиесілі.

Сыр өңірінде мемлекеттік- жекешелік әріптестік аясында жобалардың барлығы сәтті жүзеге асырылған. Олардың қатарында 2017 жылы ашылған жаңа емхана бар. Емхана бір ауысымда 400 адам қабылдайды, онда 43 мың адам үшін диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін енгізуге мүмкіндік жасалған. Бұл жоба бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана құрылысы бойынша концессиялық жобаның орнына іске асырылды. Осылайша, облыс 3,6 млрд теңге сомасында бюджет қаражатын үнемдеді. Сондай-ақ, 2 жылға арналған жобаны жедел түрде жүзеге асты.

Тағы бір айта кетерлігі, «жасыл экономиканы» дамыту аясында бірқатар әлеуметтік нысандардың қазандықтары жаңғыртылды. Биыл табиғи газға 31 әлеуметтік нысан көшіру жоспарланса, олардың арасынан 1-і пайдалануға берілді. Сондай-ақ, облыс орталығының жарықтандыру жүйесін жаңғырту жоспарлануда. Бұл ретте жекеменшік серіктестікке төлемдер нысандарға бөлінетін қаржы мен оларды пайдалануға көзделген қаражатты үнемдеу есебінен жүргізіледі. Бұл өз кезегінде энергия үнемдеу режиміне көшуге мүмкіндік береді.

Облыста жергілікті бюджеттен қосымша төлемдерді талап етпейтін мемлекеттік- жекешелік әріптестік жобаларын жүзеге асыруға басымдық берілген. Олардың қатарында облыс орталығының қоғамдық көліктеріне электронды билет орнату, Қызылорда қаласында 730 орындық студенттік екі жатақхананың құрылысы және Қызылорда қаласы бойынша мектеп асханаларын сенімді басқаруға беру жобалары бар.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл жөнінде «Мемлекеттік- жекеменшік әріптестік жергілікті бюджетке ауыртпалықты азайту, инвестиция тарту және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады. Ал инвестор үшін ұзақ мерзімге тұрақты бизнес ашуға мүмкіндік жасалады» деп атап көрсеткен еді.

Соңғы жаңалықтар