Қызылорда қаласының әкімі мембағдарламалардың ауылдарда орындалуын тексерді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалаға қарасты ауылдарда болып, «Ауыл – ел бесігі» және «Жұмыспен қамту жол картасы» аясындағы жұмыстармен танысу мақсатында бірқатар нысанды аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шаһар басшысы ең алдымен, «Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламасы аясында қаржылай қолдау тапқан Ақсуат ауылдық округіндегі №143 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. 1982 жылы салынған мектеп араға 38 жыл салып, күрделі жөндеуден өтуде. Ауылдың жұмыссыз жүрген 40 азаматы құрылысқа жұмылдырылған. Қала әкімі күрделі жөндеудің ішкі жұмыстарынан олқылықтарды анықтап, келісім шартты қайта зерделеуді жауапты сала басшыларына тапсырды.

Мұнан кейін қала әкімі ауыл орталығында болып, бұған дейін жөндеу көрмеген Ү.Тоқмағамбетова көшесіндегі асфальт төсеу жұмыстарын көрді.

«Күз болса батпақтап, қатынас қиын болушы еді. Жақсы жаңалықты естіп, тақтайдай тегіс жолға жететінімізге қуанған болатынбыз. Енді, міне, игі істің куәгері болып тұрмыз», - деген ауыл тұрғыны Бодықов Бейсенбай ақсуаттықтардың атынан алғысын жеткізді.

Айта кету керек, биыл Ақсуатта 16 көше «Ауыл – ел бесігі» республикалық бағдарламасы бойынша орташа жөндеуден өтпек. Оның 7 көшесіне асфальт салынса, қалған 9 көшеге қиыршық тас төселеді. Мұнан бөлек, тағы бір көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде жүзеге асуда. Ал жергілікті бюджет есебінен 1 көшеге тас төсеу және тұрғындар үшін ауыл орталығына спорттық көше тренажерін орнатуға қаржы бөлінген. Сонымен қатар, өткен жылы күрделі жөндеуден өткен «Асыл-Ай» бөбекжай – бақшасына қажетті жабдықтар алуға облыстық бюджеттен қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде.

«Ауыл - ел бесігі» деп аты айтып тұрғандай бағдарлама ақсуаттықтар үшін тиімді болып тұр. Бұған дейін амбулатория, мәдениет үйі жаңадан салынып, енді міне мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Мұндағы құрылыс қарқынын, жұмыс барысын басталғалы бері бақылауда ұстап отырмыз. Алдағы уақытта да үнемі қадағалауда ұстаймыз деген қала әкімі кейде жоба аяқталғаннан кейін сапаға қатысты мәселелер туындап жататынын айтты. Сондай олқылықтарды болдырмай, алдын-алу мақсатында ауылдың ардагерлер кеңесі мен тұрғындар жұмыс барысын бақылай алатынын жеткізді. Ауыл әкіміне барлық жұмысты саралап, жолды лабораториялық тексерістен өткізіп барып, қабылдауды тапсырды.

Сонымен бірге, бағдаршам, жарық бағаналары, жаяу жүргінші жолдарына қажетті құрылыс заттарын тиімді пайдаланып, ауылдың қажеттілігіне жарату керектігін жеткізді.

Ақсуат ауылына қарасты Наурыз саяжайы үшін биыл жағымды жаңалықтың бірі ауыз су жинау қоймасының құрылысы аяқталып, тұрғындар толық су жүйесіне қосылды. «Су қоймасы осы уақытқа дейін суды сырттан тасып ішіп, тіршілік көзінен тапшылық көрген саяжай тұрғындарының тұрмысын жеңілдетті». Бұл 8 жылдан бері осы саяжайда тұрып жатқан Мақпал Шахкозаваның пікірі. Тұрғын ауыз судың сапасы көңілден шығатынын да жасырмады. «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан ауыз су жинау қоймасын «Мелиоратор» серіктестігі салды.

Аралау жұмыстары Ақжарма ауылдық округінде жалғасты. Мұндағы 1983 жылы іргетасы қаланған 100 орындық «Облыстық наркология орталығына» қарасты медициналық бөлімшені қайта қалпына келтіру жұмыстарына «Болашақ Интернэйшн Девелопмент» ЖШС жауапты. Қала әкімі жауапты мекеменің жұмысы қадағалауда болатынын ескертіп, нысандағы жөндеу жұмыстары қазан айының басында аяқталсын деген тапсырма берді.

Ақжарма ауылдық округінде биыл жол мәселесі толығымен шешіледі. Елді-мекендегі Тоғай көшесінде бұған дейін асфальт болмаған. Мұндағы жол жөндеу жұмыстарын шаһар басшысы өзі арнайы тексеріп, қалған екі-үш көшенің құрылысын осы жылы аяқтауды сала басшыларына нықтап тапсырды. Ауыл орталығында бұдан бөлек жергілікті бюджеттен спорттық көше тренажерін, жарық бағаналарын орнатуға қаржы бөлініп, жоба сәтті аяқталып, пайдаланауға берілді. Қазіргі таңда Ақжарма ауылдық округінде 6 көшеге, оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 1, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына сай 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Айта кету керек, бүгінгі таңда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Қызылорда қаласы бойынша барлығы 1850 адам жұмыспен қамтылған. Оның 1271 жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданған азаматтар.


Соңғы жаңалықтар