Қызылорда қаласында тоғызыншы сынып оқушысы каналға батып кетті
2022 жылғы 19 мамыр 20:02

Қызылорда қаласында тоғызыншы сынып оқушысы каналға батып кетті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында тоғызыншы сынып оқушысы каналға суға батып кетті. Қазір құтқарушылар баланың мүрдесін іздеуді бастап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін, 19 мамыр сағат 15:28-де облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Белкөл кентіндегі каналға 15-16 жасар ер баланың суға кеткені жөнінде хабар келіп түскен.

«Оқиға орнына барғанда кенттегі №189 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы суға батып кеткені мәлім болды. Қазір құтқарушылар баланың мүрдесін іздеу жұмыстарын бастап кетті. Оған жедел құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов жетекшілік етіп отыр. Бұл жұмысқа 7 құтқарушы тартылған. Оған қажетті техника, қайық пайдаланылуда. Сүңгуірлер мүрдені су астынан іздеуді жалғастырып жатыр», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.

Ведомство мәліметінше, апаттық медициналық орталығынан 3 қызметкер 1 техникамен оқиға орнында жұмыс жасап жатыр.

Сондай-ақ, департамент психологы баланың анасына қажетті психологиялық көмек көрсетуде.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада жапан түзде жоғалған қойшы жігіт екі күннен кейін табылған еді.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT