Қызылорда қаласында Конго-қырым қанды безгегінің 11 ошағы анықталды

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында Конго-қырым қанды безгегінің 11 ошағы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл қала бойынша конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруының қолайсыз аймақтары ретінде 11 ошақ есепке алынды. Атап айтқанда, олардың қатарында Қызылорда қаласы («КБИ» аймағы), Тасбөгет кенті, Белкөл кенті («Көкжиде» аймағы), Абай, Баймұрат-Ақжарма, Досан, Ж.Махамбетов, Иіркөл, Қарауылтөбе, Талсуат елді мекендерінде және Қараөзек станциясы бар. Осыған байланысты кезекті эпидемиялық маусымда 14 сәуірден бастап аурушаңдықтың алдын алу мақсатында залалсыздандыру басталды.

«Биыл эпидемиялық маусымында кенеге қарсы дезинфекция жұмыстары алдында жүргізілген энтомологиялық барлау барысында Иіркөл, Тасбөгет, Белкөл қолайсыз аймақтарында табиғаттан және ауыл шаруашылық малдарынан серопозитивті кенелер анықталып отыр. Осы орайда, көктемгі эпидмаусымда барынша сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек. Кене малдың үстінде болатындығын ескере отырып, малды алдын ала ерте көктемде кенеге қарсы егіп, мал қорада кенеге қарсы улау жұмыстарын жүргізу керек және мал күтімімен айналысу барысында бөлек арнайы киім пайдалану қажет», – деді Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Ұзақбаев.

Айта кету керек, былтыр Қызылорда қаласында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алғашқы диагнозымен 6 жағдайы есепке алынды. Оның 4 жағдайы клиникалық және зертханалық расталды. Ал биыл эпидемиялық мерзім басталғаннан бері аталған ауру белгісі тіркелген жоқ.

Еске салсақ, Қызылорда облысында туберкулез жұқтырғандар саны көбейді.

https://kaz.inform.kz/news/kyzylorda-oblysynda-tuberkulez-zhuktyrgandar-sany-kobeydi_a3924125


Соңғы жаңалықтар