Қызылорда халқының 70 пайызы жыл соңына дейін табиғи газбен қамтылады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы халқының жыл соңына дейін 70%-ы табиғи газға қол жеткізе алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облысты газдандыру ісі 2014 жылдан бері «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбыры жобасы аясында қолға алынып отыр. Магистральдық газ құбырының 846 шақырымы Қызылорда облысы арқылы өтеді.

Соңғы алты жылда Қызылорда, Байқоңыр қалалары және облыстың 7 аудан орталығының төртеуі көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Қалған 3-і жыл соңына дейін қамтылатын болады.

«Биыл газбен жабдықтау жобасын іске асыру үшін бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінді. Шілде айында Арал ауданының Жақсықылыш кентіне газ берілді. Онда 5 мыңнан астам адам тұрады. Ал Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарының орталықтарына жыл соңына дейін газ келеді. Ал Қазалы ауданындағы 50 мыңға жуық адам тұратын Қазалы қаласы мен Ғани Мұратбаев, Шиелі ауданындағы Байсын елді мекендеріне газ беру жоспарлануда. Нәтижесінде, абиыл облыс тұрғындарының 70%-ы табиғи газға қол жеткізе алады», - деп мәлім етті облыс әкімдігінен.

Одан кейінгі кезеңде Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарына іргелес елді мекендерді газдандыру кезең-кезеңімен іске асырылады.

Қараша айында Қазалы қаласы мен Шиелі ауданының Бекежанов ауылын газбен жабдықтау жобасы іске асып, олар келесі жылы аяқталады.

2021 жылы Қызылорда қаласындағы Наурыз және Махамбетов, Қармақшы ауданының Төретам және Ақай, Шиелі ауданының Қодаманов, Алғабас, Ақмая елді мекендерін газдандыру жоспарланған.

Сондай-ақ, Қызылордада Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру жұмыстары жалғасуда.


Соңғы жаңалықтар