Қызылорда дәрігерлері баспанасыз адамға көмек көрсету төңірегінде туындаған оқиғаға түсініктеме берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасы биылғы 19 тамызда Қызылорда баспанасыз адамға көмек көрсету төңірегінде туындаған оқиғаға түсініктеме берді.

Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік желіде Қызылордада дәрігер баспанасыз адамды теуіп, оған медициналық көмек көрсетуден бас тартты деген бейне түсірілім тараған болатын.

Осы ретте «ҚазАқпарат» тілшісі Қызылорда облысының Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің және осы облыстағы Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен  бұл оқиғаға байланысты мән-жайды анықтады.

Дәрігерлер көшеде ессіз жатқан бұл адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілгенін атап өтуде.

«Әрине, бұл бейне түсірілім әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Шын мәнінде, ол жердегі жағдай олай болмаған. Өткен жұма күні кешқұрым ол кісі ессіз жатқаннан кейін, адамдар жедел жәрдем қызметін шақыртты. Осындай мәлімет түскен соң, жедел жәрдеммен кардиологиялық бригада аталған жерге барып, есін білмей жатқан жасы 50-ден асқан адамға тиісті көмегін жасайды. Белгілі болғандай, үсті-басы құсық пен топырақ болған. Осы ретте жәдел жәрдем қызметкерлері оны жуып-тазалап болған кезде, жаңағы ессіз жатқан адам дәрігердің (тепті деген дәрігер) үстіне құсып қояды. Дәрігер үстіндегі қызметтік киімін бүлдіріп алғанына қарамастан, қажетті алғашқы көмек шараларын жалғастыра береді. Адамның қан қысымын, қант деңгейін өлшеп болғаннан кейін, бұл кісі ішімдікке қатты масайғаны анықталды»,-деді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Нұржамал Бектайқызы.

Басқарма мәліметінше, әлеуметтік желеде тараған бейне түсірілімдегі мас кісі өзінің аты-жөнін айта алмаған көрінеді.

«Полиция келгенше дәрігерге бүлінген киімін басқасына ауыстыруға тура келген. Жаңағы бейне түсірілімде дәрігер оны тебуге әрекеттенбегенін, өзін-өзі қорғау үшін, екінші рет киімін тағы да бүлдіріп алмас үшін аяғын абайсызда сермеп қалғанын айтып жатыр. Атап айтқанда, бұл оқиға бойынша қызметтік тексеру жасадық. Ол жерде дәрігерлер өздерінің қызметтерін толық орындады. Жалпы, ол кісі күнделікті алкогольдік ішімдікке салынған адам екені анықталып отыр және оны сауықтыру орнына жатқыздық. Отыз жылдан астам қызметте жүрген бұл дәрігер ешқашан ескерту алмаған білікті кардиолог»,-деп толықтырды Н. Бектайқызы.

Өз кезегінде облыстың ІІД баспасөз қызметінің өкілдері қоғамдық жерде алкогольдік ішімдікке масайған адамды тексеру үшін жедел жәрдем шақыртылғанын нақтылады. «Тексерілгеннен кейін, жедел жәрдем қызметкерлерімен бірлесе аталған азамат Қызылорда облыстық наркология орталығына жеткізілді. Атап айтқанда, бұл кісі наркологиялық диспансерде есепте тұр»,-дейді баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар