Қызылорда 2019 жылы 1400 бейнебақылау камерасы орнатылмақ

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында «Қауіпсіз аула» жобасы әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында оң нәтижесін беріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасының биылғы Жолдауында құқық қорғау органдарының жұмысына терең және сапалы өзгерістер қажет екені айтылған.

Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда әкімшілік құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында облыс орталығында 272 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың 153-і Қызылорда қаласының көше қиылысында, 7-і мешіттердің жанында, 12-і түзеу мекемелерінің аумағында, 10-і көп қабатты үйлердің аумағында тұр.

«Аталмыш құрылғылар қылмыстық оқиғалардың жедел ашылуына, әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдына алуға және басқа да жұмыстарға оң септігін тигізіп отыр. Осының нәтижесінде Қызылорда қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен полицияның кешенді күштерін тиімді пайдалануға жол ашылды. Олардың осылайша жылдам қимылдауының нәтижесінде 2018 жылдың 10 айында барлығы 63 қылмыс ашылған», - деді Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Анарбаев.

Сондай-ақ, 2018 жылдың 10 айында қаладағы жауапты сала мамандарымен бірлесе отырып көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Қала орталығында орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен 14783 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

«Алдағы уақытта жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесін кеңейтуге назар аударып отырмыз. Осы мақсатта 2019 жылы 1400 дана бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған», - деді Н.Анарбаев.

Қызылорда қаласының полиция қызметкерлері көп қабатты үйлердің аулалары мен халық көп шоғырланған аймақтарға жаяу патруль бағытында жұмыстар жүргізе бастады. Бұл тәжірибе оң нәтижесін беріп отыр. Аталмыш шара тамыз айынан бастап қолға алынып отыр.

Одан бөлек қала маңында орналасқан «Сабалақ», «Пищевик», «Ягодка», «Дружба», «Строительная» саяжайлары мен Қарауылтөбе, Абай, Қараөзек ауылдарында рейдтік шаралар жүргізілді. Іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері үй-үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті. Тұрғындар тарапынан келіп түскен сауалдар бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Осының нәтижесінде әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 224 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.

Бұдан бұрын Қызылордада IT-парк жастардың стартап-жобаларын әзірлейтінін хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар