«Қызыл жебе» романы түрік тілінде жарық көрді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романының бірінші кітабы түрік тілінде жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Еуразия жазушылар қауымдастығының төрағасы, түркиялық жазушы Якуп Омероғлы мәлімдеді.

«Қызыл жебе» романының бірінші бөлімі «Рысқұл» кітабының жариялануын ұзақ уақыттан бері күттік. Қазақ әдебиетінің ең үздік авторларын көрсету үшін Шерхан Мұртаза еңбектерінің жариялануы өте маңызды. Шерхан Мұртазаның шығармаларынсыз жаңа қазақ әдебиетін елестету қиын. Былтыр ұйымымыздың баспа органы саналатын «Кардеш Калемлер» журналында жазушының «Ай мен Айша» романын жариялаған едік. Биыл «Қызыл жебені» үлкен ғанибетпен жариялаймыз. 5 қазанды арнайы таңдау арқылы Шерхан ағаның өлмегенін, өз туындыларымен мәңгі жасайтынын көрсеткіміз келді», - деп жазды Якуп Омероғлы.

Шығарманы тәжірибелі аудармашы, қазақ тілі мен әдебиеті бойынша сарапшы, 70-тен астам туынды аударған Уфук Тузман түрік тіліне аударған.

«Қызыл жебе» - түрік әдебиетіне енген әдеби классика арасында құнды тарихи романдардың бірі. «Қызыл жебенің» оқырмандары қазақ мәдениетінен және тарихи оқиғалардан хабардар болады», - деді Уфук Тузман.

Еске сала кетсек, Алматыда жазушы Шерхан Мұртаза тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды.

Жазушы өткен жылдың қазан айында 86 жасында дүниеден озды.

Шерхан Мұртаза 1932 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ол 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған.

1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары - Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы қызметтерін атқарды. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болды.

Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өлшеусіз үлесі болып қалары сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар