Қызыл жарты ай қоғамы су тасқынынан қорғану жөнінде кеңес берді
2020 жылғы 10 наурыз 14:35

Қызыл жарты ай қоғамы су тасқынынан қорғану жөнінде кеңес берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Қызыл жарты ай қоғамының ТЖ департаментінің директоры Ольга Ким су тасқыны жағдайында не істеу қажеттігі туралы кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Су тасқыны қаупі бар өңір тұрғындары жағдайды бағамдап, үй аумағын қардан тазартуы тиіс. Су ағатын арықты қоқыстан, мұздан, қардан тазартқан жөн. Су айдайтын сорғы, шелек, күрек, қапшықтарды әзірлеу керек. Су тасқыны қаупін байқасаңыз, ең алдымен 112 нөміріне хабарласыңыз», - деді О. Ким Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, су тасқыны қаупі барда «дабыл сөмкесі» дайын тұруы қажет.

«Бұл сөмкеде негізгі маңызды құжаттар, алғашқы көмек құралдары және дәрі-дәрмек болуы керек. Ауыз су мен азық-түлік алынуы керек. Жертөледе жатқан азық-түлік қорын алдын ала шығарыңыздар. Құнды бұйымдарды үйдің жоғарғы бөлігіне қоюға тырысыңыз. Үй ішіне су кеткенде электрді, газды және жылыту пештерін өшіру қажет», - деді О. Ким.

Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин су тасқынының алдын алу жұмыстары жөнінде айтып берді.

Сонымен бірге, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 30 мың теңгеден берілетіні туралы хабарланған еді.


Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT