«Қызыл» мәртебесі бар 7 қызылордалық «Ashyq»-пен істейтін нысандарға барған

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында «Ashyq» жүйесіне қосылған кәсіпкерлік нысандарына «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 25 адам келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Айта кетерлігі, «қызыл» мәртебесі анықталған тұлғалар бойынша, бұрынғыдай ескерту емес, әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Егер азамат өзінің коронавирусқа шалдыққанын біле тұра, оқшаулану режимін бұзса, оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Бүгінге дейін қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына «қызыл», «сары» мәртебелері анықталғандығы туралы 25 хабарлама келіп түсті. Оның 18-і «сары», 7-еуі «қызыл» түс. Олар кинотеатр мен қоғамдық тамақтану орындарына кіру барысында анықталған. Бұл деректер бойынша жекелеген тұлғаларға қаланың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысы шығарылып, табысталды», - деді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ұлбосын Аханаева.

Қазіргі таңда кәсіпкерліктің 23 саласы бойынша қызмет көрсетушілер «Ashyq» жобасына қатыса отырып, карантин кезінде де өз жұмыстарын жалғастыра алады. Атап айтқанда, олар - кинотеатрлар, фитнес-клубтар, спа-орталықтар, сауналар, бассейндер, компьютерлік клубтар мен боулинг орталықтары сияқты кәсіпкерлік субъектілері.

«Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және COVID-19-дың таралуын барынша азайту үшін «Ashyq» мобильдік қосымшасын кез келген жоғары оқу орны, банктер, өнеркәсіптік кәсіпорындар, жеке медициналық орталықтар және басқалары ерікті қатысушы ретінде осы жобамен өз жұмысын жүзеге асыра алады.

Жаңа қатысушылар «Ashyq» ақпараттық жүйесіне қатысуға өтінімдерді тиісті сайт арқылы береді. Ал кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану объектілері салалық қауымдастық арқылы жүгінуіне болады», - деді облыстық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.

Еске салсақ, Қызылорда облысында коронавирус вакцинасын салдырғандар қатарында ауыл тұрғындары көп.


Соңғы жаңалықтар