Қызыл ағаштан шабылған домбыраның үні әуезді келеді - көкшетаулық шебер Ш.Еламанов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Қызыл ағаштан шабылған домбыраның үні әуезді келеді. Қалғаны шеберлікке байланысты», - дейді көкшетаулық шебер Шоқан Еламанов. ҚазАқпараттың Ақмола облысындағы тілшісі бес саусағынан өнер тамған ұлттық бұйымдарды жасаумен айналысатын шебердің ұстаханасына барып, домбыра жасаудың қыр-сырымен жақын танысты.

Ағаш пен темірден түйін түйіп, жансызға жан бітірген айтулы шебер Шоқан Еламановтың кіндік қаны тамған киелі топырақ баяғы жау қашырған Алаш батырлары өмірге келген қасиетті жер, бұрынғы Рузаев ауданына қарасты Жаңасу ауылы. Отбасының қоныс аударуына байланысты орта мектеп пен педагогикалық институтты Талдықорған қаласында тәмамдаған. Қапсағай, балуан бітімді, жарлауыт қалың қабағының астынан адамға шаншыла қарайтын, қол алысып амандасқанда-ақ тегеуріні аңғарылатын Шоқан Еламанов баяғы бала кезінен-ақ техника мен ағашқа өлердей өш. Өш болғанда қиратып тастауға емес, замандастарының қаперіне кіре бермейтін әлдене жасауға құмар. Жас техниктер стансасында жүргенде ұшақ жасайтын. Кәдімгі қос қанатты ауада қалықтап ұшатын ұшақ. Ағамыз бала кезінде талай жарысқа қатысқан екен. Сан мәрте жүлде де алған. Алматы қаласының жанындағы Байсеркеде өткен байқауда 1967 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Сол жылы авиамодель спортынан спорт шебері атағын иеленді. Ол тұста жас техниктер қозғалысы Алматыда, Өскеменде, Қарағандыда өзгеше қарқынмен қаулап тұрған. Талдықорған қаласының өнерпаздары солардан кейінгі лекте болатын.

"Ол бір ұзақ уақыт бойы сарп еткен еңбегіңнің көңіліңе өшпейтін қуаныш сыйлайтын шаттығы мол, шырайлы тұстар еді ғой. Өз қолыңнан шыққан ұшақ ту сонау зәулім көкте қос қанатымен көгілжім ауаны сызып, ұзақ қалықтағанда көңіліңнің көбелегі де әлгі ұшақпен бірге ұшып, аспанмен астасып кететін", деп балалық шағын еске алады шебер.

Кейін туған жеріне, Көкшетауға қоныс аударды. Өз алдына шеберхана ашты. Қазір домбыра, астау, бесік, күбі, дөңгелек үстел, сандық тәрізді көне бұйымдар жасаумен айналысады. Мұндағы бір қиындық аспап жасайтын ағаштың тапшылығы. Айталық, домбыра шабатын қызыл ағашты Шоқан шебер оңтүстік өңірден арнайы алдырады. Қызыл ағаштан шабылған домбыраның үні әуезді келеді. Қалғаны шеберлікке байланысты. Шеберлік демекші, шын шебер Шоқанның әкесі Қойшыбай екен. "Әкемнің бала кезімде колхоздың басқармасына жергілікті жұрт «кашава» деп атайтын шана жасап бергені есімде. Жаз бойы көлеңкеде кептірілген жеп-жеңіл ағаштан жасалған шананың алқымы мен қос қапталы жұмсақ талмен өріліп, көмкерілетін. Ішінде ат айдаушы отыратын орын мен артқы құрсағы иі қанған терімен қапталып, шананың табаны сырғымаға ыңғайлы етіп темірмен құрсауланатын. Оймақтай ғана сол шана көздің жауын алып тұратын. Сұлыға семірген колхоздың қос атын парлап жегіп, қасқыр ішік киген басқарма жаңағы шанамен ағыза жөнелгенде осы күнгі шетелдік жеңіл машинаңыздан сынық сүйем кем түспейтін. Баспа-бас қызға бермес дүние болып шыққан. Содан ба екен, колхоздың басқармасы әкеме бұзаулы сиыр бергені есімде. Сол шананы әкем бір ара, бір сүргімен ғана жасап шықты. Бәлкім, шынайы шеберліктің шырайлы шыңы сондай-ақ болар. Біздікі бала кезімізде көрген аздап қолымыз жаттыққан, көкірегімізге түйген ілгерідегі шын шеберлерден қалған болар-болмас жұқана. Әр шебер өз құпиясын кез-келген адамға жайып сала бермейді. Жалпыға ортақ дүние былайша өріледі. Алдымен, аспапқа лайықты ағаш таңдалады. Ол әбден кептіріледі. Содан соң домбыраның шанағын белгілі бір заңдылықтарға сәйкес орталастыру қажет. Бет тақтайының қаттылығы, қалыңдығы бәрі есептеледі. Сәл қиыс кетсе, дыбыс дұрыс шықпауы мүмкін", дейді Ш. Еламанов.

Ең алғаш домбыра жасайтын шеберлердің «Үкілі домбыра» атты республикалық конкурсына қатысып, жүлделі орын алған дәулескер домбырашы Сәкен Біржановтың айтуынша, Шоқан ағамыз жасаған домбыра әдемі сөйлейтін көрінеді. Оған оның шапқан домбыраларын елге танымал, айтулы ақындар ұстап өнер көрсетіп жүргені айқын дәлел.

Осы орайда, біз де Шоқан шебердің қолынан шыққан добыраның шанағынан күй төгіліп, ән әуелегенін естіген кезде, көшпенді бабаларымыздың өмір салтына еніп кетпесек те, ескіден келе жатқан дәстүрдің дидары оңға бұрылғанын көріп, бір жасап қалғанымыз шындық.

Соңғы жаңалықтар