Қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдалану фактілерін WhatsApp-қа жолдауға болады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылордалықтар қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдалану фактісіне куә болған жағдайда WhatsApp арқылы құзырлы органға хабарлай алады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байхожаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста қызметтік автокөліктердің мақсатты пайдаланылуына мониторинг тұрақты жүргізіліп келеді. Осы мақсатта ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті WhatsApp мессенджерінде аккаунт (+77057872626) ашты. Тұрғындар қызметтік автокөліктерді жұмыс бабынан тыс пайдалану деректерін видеоға немесе суретке түсіріп, департаментке жолдай алады.

«Әдеп кодексінің талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, оның ішінде автокөлік құралдарын ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануы тиіс. Сондай-ақ, кез келген азаматтың WhatsApp арқылы мемлекеттік ұйымдарға тиесілі автокөліктің жеке мақсатта пайдаланылғаны туралы фактілерді дәлелдерімен бірге жолдау мүмкіндігі бар», - деді Берікбол Байхожаев.

Айта кету керек, жыл басынан бері қызметтік автокөлікті қызметтік мақсаттан тыс пайдаланған 2 мемлекеттік органның басшысына Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен тәртіптік жаза қолданылған.


Соңғы жаңалықтар