Қызметкерлерін жұмыста көп ұстайтын басшыларға қатаң шаралар қолданылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал қоғам қайраткері және ҚР Мемлекеттік қызметі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторинг тобының мүшесі Ғалым Байтұқ қызметкерлер құқығы үшін қалай күрескенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған топ түрлі қызметкерлерді жұмыста заңсыз ұстау фактілерін анықтау мақсатында түрлі мемлекеттік органдарға жоспардан тыс тексеру жүргізіп келеді.

«ҚР БҒМ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі секілді өзге де ұйымдарға тұрақты түрде барып тұрамыз. Көптеген адамдар біздің жұмысымызға оң баға беруде. Біз мемлекеттің, оның ішінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің халықты шенеуніктердің озбырлығынан қорғау бойынша жұмыс істеп жатқанын көрсеткіміз келеді», - дейді Ғалым Байтұқ.

Оның айтуынша, басшылықтың қандай да бір себеппен үйге қайтпауынан қызметкерлерге де өз жұмыс орындарында қалуға тура келеді. 

«Ешкімге де жасырын емес, басшы жұмыста отырса, қол астындағы қызметкерлері де өз жұмыс орындарынан кетуге ыңғайсызданады. Басшы өз кабинетінде нард ойнап отырған шығар, кім біледі? Сондықтан, шенеунікті жұмыста ұзақ отыруынан пайдалы әсер коэффициенті көбеймейді», - деп атап өтті қызметкерлер құқығын қорғаушы.

Мұндай жағдайларды Ғ.Байтұқ мемлекеттік орган жұмыстарының жүйесіздігі және мұндай ұйымдар мен бөлім жетекшілігінің біліксіздігі деп атады. Қоғам қайраткері мұндай мәселелер туындаған жағдайда қызметкерге қосымша төлем жасауға шақырды.

«Егер орган жүйелі жұмыс істесе,  ешкім жұмыс күнінен кейін кеңседе қалмайды. Мәселен, ҚР Әділет министрлігінде уақыт тәртібі қатаң сақталады және ешкім жұмыстан кейін қалмайды. Қосымша жұмыс үшін ақы төленуі тиіс және күніне екі сағаттан артық қалдыруға болмайды. Әрине, мұнда қызметкердің келісімі аса маңызды», - дейді Ғ.Байтұқ.

Сонымен бірге, Ғ.Байтұқ заңды өрескел бұзған мекемелерді атап көрсетті.

«Біз Астана әкімдігін, өңірлерді және министрліктерді тексеріп шықтық. Тобымыздың хабарлауынша, ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері қызметкерлерге қатысты бірқатар құқықбұзушылықтарға жол берген», - деді ол.

Сондай-ақ, Байтұқ келесі жылдан бастап, өз қызметкерлерінің құқығын бұзған басшыларға қатысты қатаң шаралар қолданылатынын хабарлады.

«Біздің тексеру жұмыстары жазалау үшін емес, еңбек шарттарын жақсарту үшін жүргізіледі. Жыл соңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде арнайы мониторинг тобының ауқымды отырысы өтеді. Топ құрамында түрлі қоғам белсенділері бар. Отырыс аясында біз тексерген ұйымдардың жауапты хатшыларын шақырып, рейд есептерін көрсетеміз», - деді Ғ.Байтұқ.

«Келесі жылдан бастап, тексерістер қатаңдай түседі, - деп жалғастырды Байтұқ. - Онда біз қызметкерлердің келген және кеткен уақыты тіркелетін турникеттер дерегін тексереміз, бейнежазбаларды қараймыз. Одан бөлек, жұмыста көбірек отырған қызметкерлерге төленген ақы туралы бухгалтерлік есепті тексереміз. Тексеру нәтижелері мен бухгалтерлік есеп сәйкес келмесе, қатаң шаралар қолданылады».

Соңғы жаңалықтар