Қызметкерлердің негізсіз қысқартылуына жол бермеу керек – Бердібек Сапарбаев

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, олардың басшыларының есептерін тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Басқосуларда облыс әкімдігі мен кәсіпорындардың әкімшілігі арасында жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастық туралы бірқатар үшжақты меморандумдарға қол қойылды.

Шу қаласы қашаннан ірі теміржол торабы ретінде белгілі десек, онда болат жол магистральдарының қызметіне байланысты көптеген салалық кәсіпорындар шоғырланған. Олардың тұрақты жұмысы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік ахуалына да тікелей әсер етеді.

Тұрғындардың көпшілігі осы салада жұмыс істеуде. Осыған көңіл бөлген Бердібек Сапарбаев бірінші кезекте ауданның ең ірі теміржол кәсіпорындары болып табылатын «Қамқор» локомотив-жөндеу зауытына және Шу локомотивті пайдалану депосына ат басын бұрды.

Цехтарды аралау барысында «Қамқор» кәсіпорнының директоры Марат Нұрбаев өңір басшысына кәсіпорынның жұмысы, алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Зауыт электровоздарға техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Мұнда барлығы 320 адам жұмыс істейді, олардың басым бөлігі - жергілікті тұрғындар.

«Шу қаласында теміржол колледжі бар, сондықтан біз мамандардың жетіспеушілігін аса сезінбейміз. Тек білікті токарьлар аз, бірақ мамандарды осы жерде оқыта отырып, бұл жағдайдан шығуға күш салудамыз», - деді М.Нұрбаев.

Жақын арада мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында кәсіпорында артиллериялық қару-жарақ та жөнделетін болады. Қазірдің өзінде цехтардың бірінде дайындық жұмыстары басталып та кеткен.

Шу локомотив пайдалану депосы 1929 жылы құрылған. Бердібек Сапарбаев депо бойынша кезекшілердің қызметтік ғимараттарын қарап, қызметкерлердің жұмыс кестесі мен жұмыс жағдайына, жалақы мөлшеріне ден қойды.

«Қамқор» локомотив жөндеу зауыты мен Шу локомотив пайдалану депосының басшылары өткен жылғы жұмыс қорытындылары туралы есеп берді. Баяндамаларын мұқият тыңдаған Бердібек Сапарбаев қызметкерлерді қысқарту жағдайларының орын алуы, оларды әлеуметтік қорғаудың қандай шаралары қолға алынғандығы туралы сұрады.

«Жамбыл облысы халықтың табысы төмен өңірлердің қатарына жатады, сондықтан кәсіпорындар мен мекемелер басшыларының алдында қызметкерлердің негізсіз қысқартылуына және олардың жалақысының төмендеуіне жол бермеу міндеті тұр. Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жаңа жұмыс орындарының санын арттыру мүмкіндіктерін қарастыру қажет», - деп атап өтті аймақ басшысы.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылары және кәсіподақ ұйымы арасында еңбек заңнамасының нормаларын қатаң сақтау, штатты қысқартуға және қызметкерлердің табыс деңгейін төмендетуге жол бермеу туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар