Қызметкерлер жалақысы, шетел архивтеріндегі тың деректер – Мәдениет министрлігінің алқа отырысында не айтылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиында ведомство басшысы Асхат Оралов өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын шағарып, Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мәдениет саласын дамыту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл мәдениет қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау жасалады

Алқа мәжілісінде алғаш болып сөз алған министр Асхат Оралов былтыр атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталды. Оның сөзінше, өткен жылы ұлттық мәртебе берілген 5 мәдениет ұйымы қызметкерлерінің еңбекақысы өскен. Сонымен қатар, биыл да концертмейстерлер мен би ансамблі әртістерінің әл-ауқатын көтеру жоспарланған.

«Ұлттық» мәртебе берілген 5 мәдениет ұйымы қызметкерлерінің айлық еңбекақысы 1,75 коэффициентке өсті. Биылғы жылы да шығармашылық жоғары оқу орындарындағы концертмейстерлер, сондай-ақ үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлері мен би ансамблі әртістерінің әл-ауқатын көтеру жоспарланып отыр. Осы орайда, заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер енгізу жұмыстары басталып кетті», - деді министр.


Мұнымен қоса, Асхат Оралов биыл жас қаламгерлерді қолдау мақсатында арнайы Президенттік әдеби сыйлығы тағайындалатынын мәлім етті.

«Төл әдебиетімізді жаңа дүниелермен толықтырып, ұлтымыздың әдеби мұрасын молайтуды көздейтін «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы тағайындалды. Ендігі кезекте осы игі дәстүрді одан әрі өрістету мақсатында биыл жаңа жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, жас қаламгерлерді қолдау мақсатында арнайы Президенттік әдеби сыйлығы тағайындалатын болады», - деді ол.

Айта кетейік, отырыс аясында Мәдениет министрлігі тарихи тұлғалардың рухани мұрасын насихаттау мақсатында «Тағылымға толы ғасыр» арнайы жобасын ұсынды.

«Биыл өнеріміз бен мәдениетімізге қалтқысыз қызмет еткен бірнеше тұлғамыздың ғасырлық мерейтойын ескере отырып, «Тағылымға толы ғасыр» атты арнайы жобаны ұсынамыз. Оның аясында біртуар қайраткерлеріміздің рухани мұрасын насихаттауымыз керек», - деп ұсыныс білдірді министр Асхат Оралов.

7 мыңнан астам тың дерек: Қазақстан тарихына қатысты құжаттар елге әкелінді

Ведомство былтыр өзге мемлекеттердің мұрағатында сақталып келген төл тарихымызға қатысты құжаттарды елге алдыртыпты. ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланованның мәлімдеуінше өткен жылы мамандар шет елдерден Қазақстанға 7 мыңнан астам құжат әкелген.

«Өткен жылы Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің ұйымдастыруымен республикалық архив қызметкерлері 14 мемлекетке шықты. Оның нәтижесінде Германияның архивтерінен Қазақстанда болған Австрия-Венгрия империясы зерттеушілерінің этонографиялық есептері, ХІХ ғасырдағы Қазақстанға, Орта Азияға жасалған неміс зерттеу сапарларының нәтижелері, Штази архивінде бұрын құпия болған Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты құжаттар табылды», - деп мәлімдеді Сағила Нұрланова.

Алқа мәжілісінде мәлім болғандай, архив саласында мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, елімізде 20-ға жуық мемлекеттік мұрағат ғимаратын салу қажеттілігі бар.

«Мұрағат саласындағы өзекті мәселе – бүкіл ел бойынша мұрағат қоймаларының толғаны. Мәселен, бүгінгі таңда 500 мың бірлікті сақтауға арналған 20-ға жуық мемлекеттік мұрағат ғимаратын салу қажеттілігі бар. Биылғы жылы негізгі міндет – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен өзара іс-қимыл жасай отырып, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу», - деді Асхат Оралов.

Былтыр қазақстандықтарға қандай фильмдер мен қойылымдар ұсынылды?

Ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов елімізде түсірілген үздік фильмдерді атады. Оның айтуынша, былтыр мемлекет тарапынан 50 киножобаға қаржылық қолдау көрсетілген.

«Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Аз уақыттың ішінде мемлекеттің қолдауымен 20 анимациялық жоба жарық көрді. Тұңғыш рет мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлу арқылы әлемге әйгілі «Disney» студиясының «Аватар», «Қара қабылан: Ваканда жасасын!», «Аватар. Су жолы» фильмдері қазақ тіліне аударылып, көрермен назарына ұсынылды. «Ұлы Дала таңы», «Дос-Мұқасан», «Патриоттар уақыты», «Алға», «Схема», «Мұқағали», «1941 жылдың жазы», «Соқыр махаббат», «Хирург», «От», «Өмір», «Адам және алма» фильмдерінің премьералары өтті. Әлемнің 13 елінде Қазақстанның кино күндері ұйымдастырылды», - деді вице-министр.

Бұл саладағы мәселелерге тоқталған Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Мәдениет министрлігіне үздік фильмдерді қазақшаға аудару тапсырмасын жүктеді.

«Министрлік үздік фильмдерді қазақ тіліне аудару мәселесін қолға алуы тиіс. Жастар және балалар қызыға тамашалайтын фильмдердің қазақшалануы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге оң әсерін тигізетін болады. Жалпы, киноөндіріс саласын дамытуда тиісті қауымдыстықтармен бірлескен жұмысты жандандыру керек», - деді Алтай Көлгінов.

Сонымен бірге, былтыр мемлекеттік театрларда көрермен назарына 13 мыңнан астам қойылым ұсынылды.

«2022 жылы театр саласында да жетістіктер аз болған жоқ. Атап айтқанда, мемлекеттік театрларда көрермен назарына ұсынылған 13 мыңнан астам қойылымның, 339-ы жаңа туынды болып саналады», - деп түйіндеді вице-министр Нұрғиса Дәуешов.

Мәдениет саясатының жаңа тұжырымдамасы

Алқа мәжілісінде Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жауапты ведомствоға мәдениет саясатының жаңа тұжырымдамасын бекітуге қатысты тапсырма берді.

«Мәдениет саясатының жаңа тұжырымдамасын бекітуді жеделдетуіміз қажет. Бұл құжат руханият және өнер салаларындағы мәселелердің жүйелі тұрғыда шешілуіне жол ашып, отандық киноға, театрларға, мәдениет ошақтарына халықтың ықыласын одан әрі арттыруы тиіс. Театрға, музейге, кітапханаға, көрмеге және басқа да мәдени іс-шараға тұрақты баруды дәстүрге айналдыру басты міндеттің бірі. Ол үшін министрлік әкімдіктермен бірге өнер ошақтарын, оның ішінде театрларды қолдау шараларына ерекше назар аударуы тиіс», - деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, қоғамда кітап оқуды дәріптеуге зор көңіл бөлу қажет. Тиісінше, кітапхана қорының электронды форматқа көшірілуін кезең-кезеңмен қолға алу маңызды.

Осы орайда, аталған жиында аөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет елімізде көркем аударма орталығын құру туралы ұсыныс білдірді.

«Қазақ шығармаларын шет тілдеріне аудару және оны шет елдерге шығуы мәселесі тұралап тұр. Біздің әдебиетіміз әлемдік деңгейдегі әдебиеттерден кем емес. Тек оны аударып, шетелге жеткізуге күшіміз жетпей отыр. Мысалы, Ресей аударма институтын құрды. Ал Өзбекстан Өзбек тілі мен әдебиеті институтында аударма факультетін ашып, жастарды оқытып жатыр. Осындай әдебиет институты Қытайда бар. Сауд Арабиясында Әдебиет және аударма деген комитет бар. Сондықтан бізге көркем аударма алқасы немесе көркем аударма орталығы сияқты ұйым құру керек. Бұл министрліктің қолға алатын дүниесі», - деп ұсыныс білдірді Ұлықбек Есдәулет.

Бұған қатысты пікір білдірген Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов алдағы уақытта бұл бастама ведомство тарапынан ескерілетінін жеткізді.

Айта кетейік, өткен жылы қоғамдық маңызы бар 188 кітап басылған. Олар барлық облыстық, аудандық кітапханаларға таратылды. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай 12 томдық, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына 5 томдық басылып шықты.

Ұлттық мұралар ЮНЕСКО деңгейінде дәріптеледі

Алтай Көлгінов, ведомство басшылығының баяндамаларын тыңдап болғаннан соң, министрлікке бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде тарихи мұраларымыз ЮНЕСКО деңгейінде дәріптелуіне назар аудару керектігін атап өтті.

«ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне еліміздің тарихи орындарын, материалдық емес мұраларымызды енгізу жұмыстары жан-жақты пысықталуы тиіс. Халқымыз өнер мен мәдениеттің қайталанбас, айрықша үлгілеріне (ауыз әдебиеті, күй, айтыс, ою-өрнек, эпостық жырлар, ұлттық спорт түрлері секілді) бай екені белгілі. Еліміздің аумағында тарихта өшпес із қалдырған маңызды қалалар болғаны ақиқат», - деді вице-премьер алқа мәжілісінде.


Фото: Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар