Қызметкері жемқорлықпен ұсталса, басшысы қызметінен кете ме - Әділет министрінің жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Белгілі бір ведомствоның қызметкері жемқорлық фактісімен ұсталса, сол мемлекеттік органның басшысы қызметінен кете ме? Бұл сұраққа Әділет министрі Марат Бекетаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сұрақ түсінікті. Мен бұл ретте белгілі бір жағдайға қатысты жауап бергім келмейді. Себебі, өзімнің әріптестерімнің жағдайына қатысты пікір білдіру орынды деп есептемеймін (Білім және ғылым экс-министріне қатысты - авт.). Ал жалпы, Мемлекет басшысының бұл ретте ұстанымы анық. Мен Президенттің ұстанымын әрекет кезіндегі басшылық дер едім. Сондай-ақ, заңнама жобасын Мемлекеттік қызмет істері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дайындағанын еске салғым келеді. Сейсенбі күні ол заң жобасы Парламентке енгізілді. Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге арналған бұл заң жобасында «басшылар өзінің бағынышты қызметкерлеріне жауапты, егер бағыныштының сотпен кінәсі дәлелденген жағдайда, сот үкімі күшіне енсе, отставкаға кетуі керек» деген норма бар», - деді Марат Бекетаев елордада халықпен есеп беру кездесуінен кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен айда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде жиын өткен болатын. Мемлекет басшысы елімізде жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, бұның қоғамға қауіпті дерт екенін айтты.

«Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды Мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар