Қызметкері парамен ұсталса, басшысы жұмыстан кетеді - Жеңіс Қасымбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек өз қызметкерлеріне жемқорлық үшін жұмыстан шығаратын ескертті, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткенде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевпен кездескенде біз былай келістік. Егер аумақта бір басшы ұсталса, онда осы салаға жауапты комитет төрағасы немесе оның орынбасары отставкаға кетуі керек. Қазір біз агенттікпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бәлкім, ортақ бір құжатты қабылдаймыз. Алайда бұдан былай менде осындай ұстаным болады. Мәселен, бір саланың басшысы парамен ұсталса, комитет төрағасының орынбасары жұмыста кетуі тиіс. Ал жергілікті жерде инспектор қолға түссе, бірден департамент басшысы жұмыстан кетеді», - деді Ж.Қасымбек бүгін Астанада өткен жиында.

Министрдің айтуынша, ондай ұстаныммен басшылардың жеке жауапкершілігі артады. Сонда жергілікті жердегі қарапайым инспектордан бастап комитет басшылығына дейінгі қызметкерлер жемқорлықтың жазасын түсінеді.

Ж.Қасымбек өз жауапкершілігін де атап өтті.

«Бүгін мен уәде беремін, инспектор парамен ұсталса, департамент директоры жұмыстан қуылады. Ал департамент басшысы ұсталса, комитетте өзгерістер болады. Орталық аппаратта да солай болады. Оның бәрі маған да қатысты», - деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.

Айта кетейік, бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде орталық аппарат пен аумақтық құрылымдардың қызметкерлері жемқорлыққа қарсы күрес шараларымен танысты. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері осы салада парамен ұсталғандарды көрсетіп, қылмыстық жазаға тарту жайында айтып берді.

Сол жерде министр Ж.Қасымбек өз қызметкерлеріне ескерту жасады.

«Біз бірқатар шараларды қолға алатын боламыз. Мен осыны алдын ала айтып қояйын. Осы жылдың ішінде көліктік инспекцияда қайта құрылымдау болады. Оған қатысты функциялардың көбісі автоматтандырылған жүйеге ауыстыралады. Сөйтіп, жолда тұратын мамандарды барынша азайтамыз. Адамдар жолда тұрмайды. Ал қалған функцияларды басқа мемлекеттік органдарға береміз. Сөйтіп, көліктік инспекцияны түбегейлі өзгертеміз. Сондықтан қазір жылдың басында ескертіп қояйын деп отырмын. Көліктік инспекцияны толығымен аттестациядан өткіземіз. Біз жергілікті жерде инспекторлардың санын 30-40 процентке қысқартуды жоспарлап отырмыз. Сол себепті жұмысты өзгертіңіз. Әйтпесе, сіздермен қоштасамыз. Басқа құрылымдарға да айтарым осы», - деп атап көрсетті Ж.Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар