Қызметімді жалғастырғым келеді: Қаңтар оқиғасынан кейін бүйрегі істен шыққан полицей
2022 жылғы 20 ақпан 22:54

Қызметімді жалғастырғым келеді: Қаңтар оқиғасынан кейін бүйрегі істен шыққан полицей

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Биылғы қаңтар айының басында Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде полицейлер мен әскери қызметшілер қаза болды, ауыр жарақаттар алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ауыр жарақат алғандардың бірі – Ғазиз Нұрғалымов. Ол – Алматы қалалық Полиция департаменті Әуезов ауданы Полиция басқармасының учаскелік инспекторы. Ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Бүлік кезінде озбыр топтың арасында қалып қойған полицияның аға лейтенанты қазір қалалық ауруханалардың бірінде ем алып жатыр. Мойнына зақым алған инспектор Polisia.kz сайтының тілшісіне болған оқиғаны егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

«Кешке қарай адам көбейе бастады. Адамдар аггрессивті болды. Теуіп, қалқанымызды жұлқылап, күш көрсете бастады. Бізді, әскери қызметшілерді жерге жатқызып, бастарып жарды, менің мойныма темірмен соққы жасады. Талып қалдым», - дейді ол.

Қазір полицейдің бүйрегі істен шыққан. Көп жүрсе есінен танып құлайды.

«Бүйрегім істемей, қан қасымым жоғарылап жатқанын айтты. Мойнымды тесіп, трубкалар қойды да, шұғыл түрде аппаратқа қосты. Көп жүруге болмайды. Диализден шаршайсың, 6 сағаттан 12 сағатқа дейін қозғалмай жатасың. Гемодиализ жасап жатыр. Көп жүрсем талып қаламын. Ауруханада жатқаныма 1 айдан асты», - дейді полиция қызметкері.

Ғ.Нұрғалымов мұны қарапайым халық жасамағанынан сенімді.

Ғазиз бала кезінен полицей болуды армандаған. Ол халық игілігі үшін қызмет етуге әрдайым дайын. «Ауруханадан шыққаннан кейін қызметімді жалғастырамын», - деді ол.

Жаппай тәртіпсіздік салдарынан полицияның және Ұлттық ұланның 3037 қызметкері зардап шекті. Қазір олардың 107-сі аса ауыр жарақаттарынан ем алуда. Ішкі істер органдарының 8 қызметкері қаза болды.





Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT