Валюта бағамдары:
    usd/kzt 476.18 eur/kzt 485.56

    rub/kzt 7.76 cny/kzt 70.34
Ауа райы:
Нұр-Сұлтан: 1 °С
Алматы: 15 °С

Қызметімде қазақ тілінің пайдасы көп тиді – полицей Виталий Максимов

2022 жылғы 23 маусым 18:46

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қазақ тілін еркін меңгерген әрі оны үйрену еш қиындық тудырмайды деп санайтын Виталий Максимов есімді полицей қызмет етеді. «Полиция күні» мерекесі қарсаңында полицеймен сұхбаттасқан едік.

Виталий Васильевич, сізді бүгінгі кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын. Сіз қашан және қай жерде өмірге келдіңіз?

- Мен Алматы ооблысы, Ақсу ауданы, Матай стансасында 1996 жылы өмірге келдім. 2017 жылдан бастап бүгінге дейін Алматы қаласы Жетісу ауданының патурльдік полиция инспекторы болып қызмет етіп келемін. Лейтенант шенім бар.

Бұл салаға қалай келдіңіз?

- Кішкентай кезімнен полиция болсам деп армандадым. Сол арманым бүгінде орындалғанына қуаныштымын. Елімнің тыныштығы үшін қызмет етуді абырой санаймын.

Қазақ тілінде еркін сөйлейді екенсіз. Айтыңызшы, бұл тілді қалай үйреніп жүрсіз?

- Енді мен қазақ ауылында туып өстім, сонда тұрдым. Көршілерім, достарым, сыныптастарым, бәрі қазақ болды. Олармен бала кезден осы тілде еркін сөйлесіп өстім. Содан болар, қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Бірақ, өзім орыс мектебінде оқығам.

Отбасыңызда қазақша сөйлесесіздер ме?

Үйде әкем мен анам қазақша түсінеді, бірақ, сөйлей алмайды. Ал соңымнан өсіп келе жатқан екі қарындасым қазақ тілін енді үйреніп келеді. Әйеліммен қазақша сөйлесе береміз. Айтпақшы, әйелім қазақ, аты жөні Айдана Даниспекова, Талдықорғанның тумасы, руы – найман. Айта кетейін, менде қазақтың ұлт аспаптарын жақсы ойнасам деген арманым бар. Бүгінде оларды ақырындап үйреніп жүрмін.

Айтыңызшы, қазақ тілін үйрену үшін адамға алдымен не қажет?

Қазақ тілін үйрену әр адамның арман, тілегіне байланысты деп ойлаймын. Егер адамның шын арман, ниеті болса, ол тек қазақ тілі емес, басқа да шет тілдерді еркін меңгеріп алары сөзсіз. Шынымды айтсам, қазір менің полиция қызметкері болып отырғаным қазақ тілінің арқасы. Осы тілдің арқасында жұмысқа кіргем. Бүгінде жұмыста адамдармен қазақша сөйлесемін. Жалпы, қазақ тілінің жеке өмірім мен қызметімде көп пайдасы тиді.

Виталий, полиция болғысы келетін жастарға қандай ақыл, кеңес айтар едіңіз?

Полиция болғысы келетін жастарға айтарым, алдымен алдарына қойған мақсаттарына жете білуі тиіс. Сондай-ақ, бойында адамның шыншылдық, жігерлілік және басқа да жақсы қасиеттері болғаны дұрыс.

Сұхбатыңызға рахмет! Еңбегіңізге табыс тілеймін.


Автор:

Думан Арғынгелді

Новости по теме
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары