Қызмет көрсету салаларынан бюджетке түсім азайды - Қаржы министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы қаңтар-сәуір айларында қызмет көрсету салаларынан бюджетке түсім азайды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 2 трлн 663 млрд теңге кіріс түсті. Ал республикалық бюджетке 1 трлн 660 млрд теңге түсті немесе жоспар 96,5%-ке атқарылды. Салықтар бойынша жоспар 61 млрд теңгеге орындалмады.

«Әсіресе қосылған құн және корпоративтік табыс салықтарының есебінен кіріс түспеді. Жоспардың орындалмауына сыртқы нарықтағы факторлар да әсер етуде. Мәселен, тау-кен саласынан түсетін кіріс көлемі 17% немесе 27 млрд теңгеге азайды. Оған негізгі экспорттық позициялар бойынша бағалардың 2019 жылдың 4 айымен салыстырғанда орта есеппен 19%-ке төмендеуі себеп болды. Қызмет көрсету салаларынан да түсім азайды. Ішкі тауарларға салынатын қосылған құн салығы 24 млрд теңгеге орындалмады. Оның басты себебі - қосылған құн салығының қайтарылу сомасы былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе өсті немесе 147 млрд теңгені құрады», - деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, спикер импортқа салынатын қосылған құн салығының 31 млрд теңгеге орындалмағанын атап өтті. Оған үшінші елдерден келетін импорт көлемінің қысқаруы себеп болған.

«Қытайдан келетін импорттың көлемі 14,5%-ке яғни 252 млн долларға азайды. Табиғи және басқа ресурстарды пайдаланудан түскен салықтар 17,2 млрд теңгеге және шикі мұнайға салынтын кедендік әкету бажы жоспардан 9,8 млрд теңгеге асыра орындалды. Жергілікті бюджетердің өз кірістері 119%-ке орындалып, 1 трлн 3 млрд теңгені құрады», - деді Ә. Смайылов.


Соңғы жаңалықтар