Қызмет барысында қаза тапқан полицейдің ісі: сот үкім шығарды

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Бүгін Қостанайдың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында полиция қызметкері Дархан Базарбаевты өлтірді деп айыпталған Михаил Прокуратовқа үкім шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот М.Прокуратовқа 19 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын қауіпсіздік жағдайы аса жоғары түзету мекемесінде өтейді.

«Сондай-ақ, оған жазасын өтеу мекемесінде ішімдікке тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеу шарасы бекітілді. Қаза тапқан адамның әкесіне моральдық зиянның орнын толтыру мақсатында 5 млн теңге көлемінде қаржы төлейді. Сонымен қатар, сот екі жеке қаулы шығарды. Біріншісі Михаил Прокуратовтың әпкесінің жауап алу кезіндегі заң бұзушылықтарына қатысты болды. Екінші қаулыны сот жәбірленушілердің бірі Золоторенконың айғақтарына қатысты шығарды. Золоторенко жауап беру кезінде шатасып, сот барысында айғақтарын толығымен өзгертті», - делінген соттың хабарламасында.

Михаил Прокуратовтың қорғаушысы соттан «Полиция қызметкерін өлтіру» бабын «Кісі өлтіру» бабына ауыстыруды сұрады. Сот мұны қабылдамады, себебі процесс барысында сотталушы есіктің алдында полицейдің тұрғанын жақсы білді.

Айта кетейік, полиция сержанты Дархан Базарбаев 19 қаңтарға қараған түні қызметтік борышын атқару үстінде қаскөйдің қолынан мерт болған еді. Өз отбасын қырып-жоймақ болып, қоқан-лоқы көрсеткен 28 жастағы Тобыл қаласының тұрғыны шақыртумен барған Дарханға пышақ салған. Оқиға орнына келген жедел жәрдем сержантты құтқарып қала алмады.

Осы жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқару барысында ерлік пен жанқиярлық көрсеткен Дархан Базарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.



Соңғы жаңалықтар