Қызмет бабында қатал болғанымызбен, үйде мейірімдіміз – түркістандық полицей

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Қазіргі қоғамда абыройлы қызметімен және отбасылық өмірімен көпшілікке үлгі болып отырған жастар көп. Солардың бірі созақтық Нұрдәулетовтер отбасы. Өзара сыйластығымен көпшіліктің құрметіне бөленген жайдары жұпты бүгінгі күннің өзінде замандастары үлгілі отбасы деп атайды.

Құқық қорғау саласында қызмет ететін ерлі зайыптылар абыройлы еңбегімен қоғам тыныштығын күзетіп келеді. Отағасы Ілияс Нұрдәулет аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторында еңбек етсе, жұбайы Рахат Уәлиева кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы.

Таңертең жұмысқа үйден бірге шығатын олар, қызмет орнына бірге барады. Жұмыс барысы қауырт болмаған күндері түскі асты да бірге ішеді. Әрдайым бір біріне қолдау білдіріп, көпшілікке абыройлы еңбектерімен үлгі болып келеді.

«Мен Отырар ауданы, Аққұм ауылында дүниеге келдім. ҚР ІІМ қарасты Алматы академиясында білім алдым. Еңбек жолымды туған жерім Отырар ауданында бастадым. Дегенмен, Созақ ауданына келін болып, осында қызметіміді де ауыстырдым. Ата – енеммен бірге тұрамыз. Отбасылық жұмыстармен қатар қызмет бабына да үлгереміз. Ата-енем әрдайым қолдау білдіріп, жұмысыма түсіністікпен қарайды. Мен ол кісілерге ризашылығымды білдіріп, алғысымды айтамын» – дейді Рахат Әмірханқызы.

Бүгінде Рахат полиция капитаны. Өзіне бекітілген аумақтағы мектептерде үнемі профилактикалық жұмыстарды жүргізіп отырады. Ал, кешкісін рейдке шығып, жастардың беймезгіл жүруін қадағалайды. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

Ал, жұбайы полиция лейтенанты Ілияс Қайрығалиұлы бұған дейін қоғамдық тыныштықты күзету жолындағы қалтқысыз еңбегі үшін көптеген алғыс хаттармен марапатталған. Теріскейдің тумасы Шымкентте білім алған соң, Шығыс Қазақстан облысындағы шекара заставасында Отан алдындағы борыщын өтеді. Кейін Бәйдібек ауданында қызмет етті.

«Ер азаматтың ең басты мақсаты нағыз ер болу. Отан алдындағы борышын өтеп, елін жерін қорғау. Бұл жолда кез келген жас қызмет етіп, өз елінің патриоты екендігін дәлелдеуі қажет» – дейді ол.

Бүгінде қос жұптың отау құрғандарына 3 жыл толып отыр. Бір біріне «сен»-деп сөзге келмейтін жайдары жұп, кез келген мәселені қас қабақтары арқылы біледі. Түсіністік орнаған тұста ғана, береке бірлікті артатын бағамдайды.

Ал, Өскентаевтар отбасының отау құрғандарына да 2 жыл толып отыр. Жанерке Шуанбаева тергеуші. Созақ АПБ тергеу бөлімінде қызмет етеді. Ал, жұбайы Нұрхат Өскентаев уақытша ұстау изоляторында еңбек етуді. Қос жұп қоғам тыныштығын жолында қалтқысыз еңбек етіп, қызметімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленеп келеді.

«Бала кезден полиция қызметкері болуды қатты армандадым. Көп іздендім. Оқыдым. Мектеп кезінде де құқық қорғау саласына қатысты кітаптарды көп қарайтынмын. Кейін ҚР ІІМ қарасты Қарағанды академиясында білім алдым. Сол кезде алдыма «тергеуші болам» деген мақсат қойдым. Форма киіп, шен тағу менің бала күнгі арманым болатын. Қазір бұл жолда еңбек етіп жатқанымды мақтан тұтамын» – дейді аға лейтенант Жанерке Жәнібекқызы.

Жалпы Теріскейлік екі жасты мамандықтары табыстырған. Қызмет бабында басталған таныстық, кейін үлкен махаббатқа айналды.

«Қызмет бабынды қатал, талапшыл болғанымызбен, үйде мейірімдіміз. Бос уақытымызды қыдыруға арнаймыз. Қызметімізге түсіністікпен қараймыз. Бір шаңырақта тұрып, бір қызметте жүру біз үшін қиын емес. Ойымыз да, ісіміз де бір жерден шығып отырады. Кей сәттерде, бір-біріміздің ақыл-кеңесімізге жүгінеміз. Алға қойған жоспарларымыз көп. Сол жолда еңбек етіп келеміз» – дейді тәртіп сақшысы.

Сөзден көрі іске жақын Нұрхат Бақытұлы еңбекқорлығымен және қызметтегі адалдығымен көпке үлгі. Мінсіз қызметі үшін бірнеше рет арнайы марапатқа ие болған. Жиі-жиі спорт залға барып, жаттығулар жасап, денесін шынықтарады. Кітап оқып, үнемі білімін жетілдіріп отырады.


Соңғы жаңалықтар