Қыздар университетінің оқытушылары «Қазақ ханымдары» электронды оқу құралын әзірлемек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақ хандығы дәуіріндегі ханымдардың рөлі талқыланды.

Жиынға қатысушылар «Қазақ ханымдары: олар кімдер?», «Қазақ хандығы дәуіріндегі ханымдардың қоғамдағы рөлі», «ХVIII-ХІХ ғғ. Қазақ ханымдарының қазақ хандығының өміріне ықпалы», «Қазақ хандығының 550 жылдығы: Алаш аманаты» деген тақырыптарды талқыға салды. Атап айтқанда, Айғаным мен Фатима ханшалар, Домалақ ана, ержүрек Гауһар мен Бопай ханымдар және қазақ халқының өзге де үлгi-өнеге көрсеткен аналарының өмірі тілге тиек етілді.

Отырыс соңында қатысушылар конференцияның резолюциясын шығарды. Атап айтқанда, «Тарих толқынында» бағдарламасы аясында университеттің профессор-оқытушылар құрамы «Қазақ Ханымдары» ғылыми жобасын даярлау және «Қазақ Ханымдары» атты электронды оқу құралдарын әзірлеуге ұсыныс білдірді. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында ұлттық сананы, ұлттық идеяны қалыптастыру мақсатындағы «Қазақ Ханымдары» атты ғылыми орталық құру бастамасы көтерілді.

Алқалы жиынның соңында «Қазақ Ханымдары» тақырыбын оқу-тәрбие жоспарына енгізу, «Тарих толқынында» бағдарламасы аясында бүгінде ЖОО-да тарихшы емес барлық бакалавриат мамандықтарына «Отантану» элективті пәнін енгізу және осы курсқа «Қазақ Ханымдары» бөлімін арнап оқытуды назарға алу, тарихшы мамандықтарының элективті пәндері қатарына «Қазақ Ханымдары» пәнін енгізуді қолға алу ұсынылды.

«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында биылғы 2015 жылды ұлт тарихын ұлықтау мақсатындағы ерекшелігін атап өткен болатын. Өскелең ұрпақты ұлтжанды азамат ретінде тәрбиелеуде Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойының алар орны ерекше екендігі белгілі. 1465 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандардың ұлттық сипатқа ие болған Қазақ хандығының негізін қалауы - ұзаққа созылған қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуын қорытындылған тарихи оқиға болып табылады. Қазақ хандығының негізін қалап, оның тұрақты дамуы үшін барын салған хандар мен сұлтандарымыздың Қазақ хандығы дербес әрі тұрақты дамуы үшін ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Бабаларымыздың батырлық пен табандылыққа толы өмірі - бүгінгі ұрпақ үшін өнегеге айналуы тиіс. Бұл - тарихи сабақтастық әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруді мақсат еткен, тәуелсіз Қазақстан Республикасының «Мәңгілік Ел» болып орнауындағы маңызды факторлардың бірі деп есептейміз», - деді Университеттің бірінші проректоры Баходир Әлиев.

Соңғы жаңалықтар