Қыздар университетінің құрылғанына 75 жыл толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің құрылғанына 75 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Іргелі білім ордасы осыдан 75 жыл бұрын, яғни 1944 жылғы 15 тамызда ҚазКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қазақ қыздарынан жоғары дәрежелі мамандар даярлау туралы №457 қаулысы негізінде институт болып ашылды.

Сол жылдың қыркүйек айында институтта физика-математика, тіл-әдебиет және тарих факультеттері ашылып, 100 студент оқуға қабылданды. 1944 жылы институттың үш факультетінде қызмет еткен ең алғашқы 20 оқытушының бесеуі ғылым кандидаты, сегізі аға оқытушы және жетеуі оқытушы болды. Еліміздің шалғай аудандарындағы қыз балаларын жоғары білім алуға тарту, оларды рухани биік, парасатты, білікті мамандар етіп тәрбиелеу арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатымен ашылған білім ұясының бұл кезеңі ел тарихының елеулі, қиын да сұрапыл екінші дүниежүзілік соғыс кезімен тұспа-тұс келді», - деді оқу орнының ресми өкілі – баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

Қара шаңырақтың ашылуына Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров, Жұмабай Шаяхметов, Нұртас Оңдасынов, Әлкей Марғұлан, Нығмет Сауранбаев, Қажым Жұмалиев, Ахмет Жұбанов сынды ұлтымыздың даңқты перзенттері үлкен қолдау көрсетіп, «Тәңір жазса бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының үлкен шамшырағы болады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін» деген ақжолтай тілегін білдірген.

Еліміздің дамуына зор үлес қосып келе жатқан оқу орны бүгінде Қазақстанның жоғары білікті кадрлар даярлайтын негізгі орталығының біріне айналып отыр. Еліміздегі білікті мамандар мен талантты ғалымдардың, дарынды ұстаздардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында жемісті еңбек етіп жатыр. Университеттің 75 жылдық төл тарихында оқу орнын 60 мыңнан астам түлек бітірді.

«Нұрсұлтан Назарбаев университетке келген сапарында: «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп атап өткен болатын. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты мақсаты – білікті, жоғары моральді және кәсіби қасиеттерді иеленген тұлғалар даярлау. Ордалы оқу орнының ұжымы бүгінде осы құндылықтарға сүйене отырып жұмыс жасауда», – деді Жандар Асан.

Соңғы жаңалықтар