Қыздар университетінің ғалымдары алғашқы өнертабыс патентіне ие болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары «YbBiNaFeO5 құрамды висмутты - ферритті алу жолы» атты патентке ие болды. Инновациялық өнертабыс наноқұрылымды бейорганикалық материалды синтездеп алғаны үшін беріліп отыр. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз орталығының басшысы Жандар Асан хабарлады. 

Оның айтуынша, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхаметқали Матаевтың жетекшілігімен Қыздар Университетінің бір топ ғалымы бірнеше жылдан бері Жаратылыстану факультетінің базасындағы Кешенді химия-биологиялық ғылыми-зерттеу орталығында тәжірибе жүргізіп келеді. Ұзақ жылғы ғылыми ізденістің нәтижесінде олар күн энергиясын түрлендіру құрылғыларына магниттік жартылай өткізгіш материалы ретінде, спинтроника, микроэлектроника және компьютерлік техника құрылғыларына материал ретінде қолданыла алатын өнертабысқа қол жеткізіп отыр.

Жандар Асанның ақпаратына сүйенер болсақ, бұл - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің алғашқы өнертабыс-инновациялық патенті. Оқу орнының Кешенді химия-биологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ғылыми, қоғамдық және басқа да ғылыммен айналысатын ұйымдармен бірлесе отырып, ғылыми жобаларды дайындау және жүзеге асыру жұмыстарына қатысады.

Орталықтың жұмыс істеу бағыты бойынша қызметкерлерге, университеттің білім алушыларына қызмет көрсетуге жоспарланған. Орталықтың ғылыми-зерттеу жұмыстары химия және биология кафедраларының бірнеше ғылыми бағыттарына сәйкес жүргізіледі.

Соңғы жаңалықтар