Қыздар педагогикалық университеті мүгедек баланың еміне қаражат жинап берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 75 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті. Айтулы дата өзгеше форматта ұйымдастырылды. Оқу орнында «Úkili úmit» қайырымдылық балы мен аукцион өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайырымдылық балынан және аукционнан түскен қаражат I-топтағы мүгедек Айсұлтан Асылханның еміне жұмсалады. 2015 жылы дүниеге келген бүлдіршін ми ісігі, көру нервісінің атрофиясы, эпилепсия және церебральды сал ауруына шалдыққан.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған игі шара жастарды бекзат өнерге тарту арқылы оларды жоғары мәдениеттілікке, инабаттылық пен қайырымдылыққа баулуды мақсат тұтып отыр. Оқу орнының ұжымы осы жоба арқылы қоғамда «Алматы – ізгі істер қаласы» түсінігін қалыптастыруды және оны нақты іске асыруды көздейді. Оңтүстік астананың еліміздің мәдени орталығы ретіндегі имиджін одан әрмен көтеруге септесетін шара шығармашылық әлеуеті жоғары талантты жастарды анықтауға да үлес қоспақ.

Қысқы ертегі желісімен ұйымдастырылған шара 75 жұптың орындауындағы ырғақты вальспен ашылды. Балдың дебютанты атанған Қыздар университетінің студенттері мен ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясының курсанттары классикалық билерді жоғары деңгейде орындап көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Оқу орнының ректоры Гауһар Алдамбергенова жиналғандарды мерейтоймен құттықтап, игілікті іске қолдау көрсеткен абзал жандарға ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар ол университеттің өзіндік ерекшелігіне тоқталып өтті.

«Екінші дүниежүзілік соғыстың аласапыран уақтысында іргетасы қаланған бұл білім ордасының Қазақстанның педагог кадрларын даярлаудағы алатын орны айрықша үлкен. Себебі осы жылдар аралығында оқу орнын 60 мыңнан астам түлек бітіріп шықты. Олар Отанымыздың түкпір-түкпірінде еңбек етіп, сауатты да білімді ұрпақты даярлауға зор еңбек сіңірді. Ұлт педагогикасының дамуы жолында қажырлы қызмет атқарды. Бүгінде әлемде тек қана қыздар білім алатын жоғары оқу орындары саусақпен санарлықтай. Осы орайда бірегей білім ордасы ретінде еліміз бен әлемге кеңінен танымал болған оқу орны – «Қыздар университеті» деген өзіндік брендін қалыптастырды. Біздің басты мақсатымыз – осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстарды еселей түсу, қазыналы қарашаңырақты шыққан биігінен түсірмеу», – деді Гаухар Алдамбергенова.

Жиында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің құттықтау хаты оқылды. Ал Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың университет ұжымы мен студенттеріне жолдаған ізгі лебізін Алматы қалалық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков жеткізді.

Шара шеңберінде педагогикалық оқу орнының оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық жұмыстары мен өнер туындылары аукционға қойылды. Қайырымдылық балынан және аукционнан түскен қаражат I-топтағы мүгедек Айсұлтан Асылхан есімді сәбидің еміне жұмсалады. Шара барысында түрлі ұйым өкілдері мен азаматтар сәбидің ем-домына қажетті қаражатты аударып жатты.

Мерейтойлық рәсімнің екінші бөлімі «75 жыл: даналық пен даралық жолы» атты деректі фильммен ашылды. Кино туындыда Қыздар университетінің өткені мен бүгіні кеңінен көрініс тапқан. Жиында университеттің білім, ғылым, өнер және спорт саласы бойынша дамуына сіңірген зор еңбегі үшін бір топ оқытушылар Білім және ғылым министрлігі мен Алматы қаласының әкімінің «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Ал Қазақстанның салалық білім және ғылым кәсіподағы ұйымы профессор-оқытушылар құрамына шипажайлық-сауықтыру жолдамаларын табыстады. Сонымен қатар жиында бір топ ұстазға «Еңбек ардагері» медалі және «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісі табысталды. Шара барысында университет түлектері, танымал өнер майталмандары Тамара Асар, Маржан Арапбаева мен Ұлжан Айнақұловаға университеттің «Құрметті профессор» атағы берілді.

Тағылымға толы оқу орнының мерейтойының соңында университет тарихынан сыр шертетін театрландырылған көрініс көпшілік назарына ұсынылып, эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласты.

Бүгінде университет әлемнің 70-ке жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Оның ішінде АҚШ-тың Миссисипи алқабы мемлекеттік университеті, Ұлыбританияның Western international сollege оқу орнымен, Польшаның Катовицахтағы Силез университетімен және Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетімен қосдипломды білім беру бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді.

Еске сала кетсек, білім ордасына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілген.

Соңғы жаңалықтар