Қыздар да ат баптай алады - Әйгерім Ғұмарова

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ат баптаудың қыр-сыры көп. Ол қыз баланың қолынан келе ме, міне, осы жөнінде Орал қаласында тұратын М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша 2-курс студенті Әйгерім Ғұмарова ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

-Әйгерім, ат баптау өнері туралы не айтар едің, оны кімнен үйрендің, алдымен осыған тоқталсаң?

-Мен Сырым ауданы Аралтөбе ауылында туып-өстім. Осы ауылда бәйге аттарын ұстайтын, мен өзім ата дейтін Мүтәлі Төреғалиевті Ақ Жайық өңірі жақсы біледі. Қазақы сәйгүлікті дайындауды жақсы меңгерген сол кісінің аттарына мініп, бәйгеге алғаш қосылған болатынмын. Ата-бабамыздан қалған осынау өнерді де үйреткен сол кісі. Бала кезімнен атқа шауып, шабандоз атансам, қазір атбегілік қырыммен де көрініп келемін.

-Жылқыны әдетте ер адамдардың ұстап, бағатыны белгілі. Қыз балаға қиын емес пе, қалай ойлайсың?

-Бабын таба білсе, қиын емес деп есептеймін. Екі жылдан бері асыл тұқымды жылқыларды бәйгеге дайындауды үйрендім. Қазақы жылқыға қарағанда, таза қанды жылқы көп күтімді қажет етеді. Қазақстандық белгілі атбегі ағалармен байланысқа шығып, солардан біраз нәрсеге көз жеткіздім. Таза қанды жылқы нәзіктеу келеді. Әсіресе, аяқтары осалдау. Ел-жұртты қиқулатқан жарыста аяқтары сынып, жарақат алып жатады. Соны қалай емдеу керектігін де үйрендім.

Ат баптау өнері адамнан әуелі шыдамдылықты талап етеді. Бәйгеге қосылар тұлпарды бір жыл бойы дайындау қажет. Мысалы, қыс мезгілінде жілік майы толғанша жақсылап семірту керек. Аттың жақсы шабуы осы қыстағы әзірлігіне байланысты. Жылдың төрт мезгілінде ат дұрыс бапталса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Ат баптаудың адамға берері көп. Ол адамды тазалыққа, еңбекқорлыққа, жан-жақты болуға, ізденіске жетелейді.

Бұл өнер қыз балаға қиындық келтірмегенімен, бар ынта-күшімізді атқа арнайтындықтан, үй шаруасына келгенде, уақыт тапшы болып жатады. Әкем Ғабділмақат (қазір жұмыссыз, дегенмен ағасы екеуінің шағын қожалықтары бар) пен анам, бастауыш сынып мұғалімі Ақбілек Зинешова - қарапайым ауыл адамдары, маған үнемі тілекші болып отырады.

null

-Әйгерім, жуырда Сырым ауданы Бұлдырты ауылында Күнбатыс Алашордасының 100 жылдығына арналған айтулы додада сәйгүлігің бірінші келді, демек, нәтиже де бар деген сөз?

-Иә, мұның сыры мынада. Мүтәлі ата жазда Ақтөбе қаласынан өзі таңдап, маған дайындауға ат әкеліп берді. Есімін Хантөре қойдым. Қазақы бие мен ағылшын тұқымдас айғырдан туған жартылай таза қанды жылқы екен. Төрт жаста, бұрын бәйгеге қосылмаған.

Жаз бойы баптап, тамыз айында Қаратөбе ауданының 90 жылдығына арналған тойда 27 шақырымдық аламан бәйгеге қостым. Орынға ілікпесе де, жақсы шауып келді.

Содан кейін Ақжайық ауданы Жамбыл ауылында Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдоловтың 100 жылдығына арналған топ бәйгеде (16 км) 32 аттың ішінен жекедара келді.

Бұлдыртыда таза қанды аттар аламанынан тағы да мәреге бірінші болып жетті.

Бұйырса, тағы бір бәйгеге қосуды жоспарлап отырмыз.
null 

-Ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында не істеу керек деп ойлайсың?

-Әрине, ұлттық спорт түрлерін дамыту керек-ақ. Ол үшін осы бағытта оқытатын мектептер ашып, жарыстарды жиі ұйымдастыру қажет. Елімізде футболға қандай жағдай жасалып жатырғанын көпшілік біледі. Міне, ұлттық спорт түрлерін де қалтарыста қалдырмай, бетбұрыс болса дейміз.

-Соңғы сауал. Алдағы жылды Елбасы Жастар жылы деп жариялағаны белгілі, осыған орай не айтар едің?

-Қазақстанда жастардың жан-жақты білім алып, жаны қалаған мамандығын меңгеріп, сүйікті ісімен айналысуына толық жағдай жасалған. Осы мүмкіндікті пайдаланып, еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қосуымыз керек деп ойлаймын. Алдағы жыл барша халық, соның ішінде біз сияқты жастар үшін жемісті де жеңісті болсын деген тілек айтар едім.

- Рахмет.

null 

Соңғы жаңалықтар