Қыз зорлағаны үшін сотталған жолсеріктер жұмыстан қуылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Нұр Сұлтан – Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызында болған қыз зорлау оқиғасы бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жұмыс берушінің бастамасы бойынша көрсетілген пойыз жолсеріктермен еңбек қатынасы үзілді. Компания зорлау фактілеріне жол берілмеуі тиіс екенін мәлімдейді және осындай әрекеттерді айыптайды. Сондай-ақ, аталған оқиға орын алған сәттен бастап осындай жағдайларға жол бермеу жөнінде компанияның барлық қызметкерлеріне нұсқаулық берілді. Қызметкерлердің медициналық тексерістен өтуіне, соның ішінде психологтар мен нарколог-дәрігерлердің қорытындыларын алуына қосымша тексерістер жүргізілді» делінген хабарламада.

Сонымен қатар, компанияда жолсеріктер үшін психолог кабинеттерін ашу жоспарланып отыр. Ол 2020 жылы жұмысын бастайды.

Одан бөлек, сервистік персонал моральдық-этикалық нормалар бойынша құзырлы мамандардың қатысумен кезектен тыс аттестациядан өтеді.

Еске сала кетейік, бүгін «Нұр Сұлтан – Ақтөбе» пойызында жолаушы қызды зорлаған жолсеріктерге қатысты сот үкімі шыққан болатын.

Соңғы жаңалықтар