Қытаймен кедендік шекарада тәртіп орнату: Бюджетке 59,5 млрд теңге өндірілді
2022 жылғы 22 қыркүйек 11:12

Қытаймен кедендік шекарада тәртіп орнату: Бюджетке 59,5 млрд теңге өндірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытаймен кедендік шекарада тәртіп орнатуға қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүргізілген тексерулер нәтижесінде бүгінгі таңда 10 уәкілетті экономикалық оператордан бюджетке 59,5 млрд теңге өндірілді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылдың ақпан-мамыр айларында мемлекеттік кірістер органдары 10 уәкілетті экономикалық операторға қатысты жоспардан тыс көшпелі кедендік тексерулер жүргізген болатын.

Кедендік тексеру нәтижелері бойынша 107,7 млрд теңге мөлшерінде кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар қосымша есептелді. Уәкілетті экономикалық оператор тауарлардың кедендік құнын дұрыс төмендетіп көрсету арқылы кедендік төлемдер мен салықтарды төлеуден жалтармақ болған.

Анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша мемлекеттік кірістер органдары прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарымен бірлесіп мемлекет бюджетіне 59,5 млрд теңге мөлшерінде кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар сомасын өндіріп алды. Оның ішінде, ерікті түрде төленгені - 56,9 млрд теңге, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларының нәтижесінде өндірілгені - 2,5 млрд. теңге.

Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті экономикалық операторларға және кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу бойынша ортақ міндет атқаратын кеден өкілдеріне қатысты берешекті өндіріп алу шараларын қабылдау бойынша жұмысты жалғастыруда.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT