Қытаймен арада тәжірибе алмасу аясында 100-ден астам полицей арнайы курстардан өтті - ҚР ІІМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның онлайн брифингісінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Олар қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйін талқылады. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі мен ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің өзара іс-қимылы тиісті құқықтық база аясында іске асырылып отыр», - деді Ш. Тұрлыбек.

Осы орайда ол шекара маңы ынтымақтастығын кеңейту бойынша өзара сапарлар мен жұмыс кездесулері тұрақты түрде өткізіліп тұратынын, кадрларды даярлау және қайта даярлау, жұмыс тәжірибесімен алмасу жөніндегі оқу курстары ұйымдастырылатынын айтты.

ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың айтуынша, Қазақстан мен Қытайдың құқықтық тәртіп органдарының ынтымақтастығы жоғары деңгейде. Соңғы бес жыл ішінде екі министрлік делегаттарының бірқатар өзара сапарлары ұйымдастырылып, қызмет өкілдері арасында ондаған кездесулер өтті.

Сонымен қатар, ҚР ІІМ басшысы 108 қазақстандық полицейдің өткен оқу курстарын ұйымдастыруға көмектескені үшін қытайлық қонаққа алғысын білдірді.

Министрдің пікірінше, басым міндеттердің қатарына экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жатады. Алаяқтарды жауапқа тарту үшін халықаралық ақпарат алмасуды күшейту қажет, өйткені бұл әрекеттер көп жағдайда трансұлттық сипатқа ие.

Өз кезегінде Чжан Сяо Қытай тарапы азаматтардың қауіпсіздігі үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға мүдделі екенін атап өтті.

Тараптар жемісті ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруға дайын екенін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар