Қытайлықтар келесі жылы Ұлы Жібек жолын түйемен басып өтпек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қытайдың «Ұлы Жібек жолымен мың ли» атты халықаралық экспедициясы бүгін Алматыға аяқ басты. Биылғы сапар автокөлікпен жасалды. Ал келесі жылы сапардың екінші кезеңін сол дәуірді толығымен жаңғырту мақсатында қытайлықтар түйемен бағындырамыз деп отыр.

Қытайдың Сиань қаласынан 19 шілдеде шыққан делегация көне Жібек Жолы маршрутымен сегіз елдің аумағын басып өтіп, соның ішінде Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Түркия, Грекия, Италия арқылы Римге табан тіремек. Шамамен 56 күнде 15000 км жолды жүріп өту межеленген.

Экспедиция Қазақстан аумағын 3-6 тамыз аралығында жүріп өтіп, осы уақыт аралығында Қазақстан туралы репортаждар сериясын дайындамақ. Сонымен қатар, онда атақты 50 қазақстандықтың сұхбаты да көрсетілмек.

Бүгін қалада «Ұлы Жібек жолының достастық пен ынтымақтастық өткелі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараны Қытай бұқаралық ақпарат құралдары - Шэнси провинциясының телерадиокомпаниясы, «Синьхуа» агенттігі, қытайдың ССТВ орталық мемлекеттік телеарнасы, «Гуаньмин» газеті, ҚХР халықаралық радиосы мен спутниктік «Феникс» арнасы ұйымдастырып отыр.

Қытайлықтардың танысу сапары өз кезегінде қазақстандық кәсіпкерлер үшін де ерекше қызығушылық тудырып отыр.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторлар кеңесі отырысында «Жаңа жібек жолы» жобасын таныстырған болатын. Сол кезде Мемлекет басшысы Қазақстан Еуропа мен Азияның арасындағы көпірге айналуы керек деп айтқан болатын. Қазақстанға сапары кезінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин де Жібек жолы эконолмикалық аймағын қайта жандандыру қажеттігін баса айтқан еді. Осы бастама аясында жүзеге асып жатқан жобалар Қазақстанның экономикасы мен тарихи-мәдени дамуы үшін үлкен серпін береді деп ойлаймын. Қазірдің өзінде қытайлықтардан түрлі өте қызықты ұсыныстар түсіп жатыр. Олардың бәрі екіжақты отырыстарда пысықталып, маңызды келісімдер жасалуы мүмкін. Менің ойымша, негізгі жұмыс сауда бойынша болмақ. Жібек Жолы бойына базарлар мен сауда орындары салынады», - деді Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева.

Соңғы жаңалықтар