Қытайлықтар Абай әлемімен танысуда - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Түрік шайырларын қазақша сөйлетті - TRT

Анкарада қазақтың ақиық ақыны Светқали Нұржанның аудармалары жинақталған «Түрік шайырлары» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Бұл – танымал ақынның 60 жас мерейтойының қарсаңында жарық көріп отырған сүбелі еңбегі, деп хабарлайды «Түркия Радио Теледидар» ақпараттық агенттігі.

Аталған басылымының дерегінше, қаламгер түрік әулие ақындарының ең таңдаулы шығармаларын қазақша сөйлеткен. Атап айтқанда Мәулана Жәләладдин Руми, Юнус Эмре, Пір Сұлтан Абдал, Ниязы Мысыр Хазірет секілді ұлы ақындардың сөздері қазақ тілінде үн қатады. Алматыдағы «Ел-Шежіре» баспасынан жарық көрген жинақ екі тілде (қазақ және түрікше) оқырманға ұсынылып отыр.

Халықаралық түрік мәдениеті ұйымының бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы аталмыш шараның беташарында сөз сөйлеп, ақынды мерейлі жасымен құттықтап, Түріксой шаңырағы астында кітабының тұсаукесерінің өткізіліп жатқанына бауырлас ел ретінде қуанышты сезімде екенін жеткізді. Ол ақынды қазақ поэзиясының беделді өкілі деп атап, қазақ халқының сезіміне тәржіман болып, қазақ санасына өлеңдерінен орын бергенін атап көрсеткен.

TRT-ның келтірген дерегіне сүйенсек, профессор, доктор Осман Хората да Светқали ақынның кітабын жоғары бағалады.

Салтанатты шара барысында Түріксой ұйымының Бас хатшысының орынбасары Билал Чакыджы Светқали ақынға «Абай» медалін тақты.

«Түрік шайырлары» атты кітаптың тұсаукесерінде халықаралық Түріксой ұйымы мен «Қазақ әуендері» арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы жолаушылар пойыздарының қозғалысы қалпына келтірілуде - «ӨзА»

«Өзбекстан темір жолдары» компаниясы «Қазақстан темір жолдары» акционерлік қоғамымен келісе отырып, теміржол арқылы жолаушылар тасымалын қалпына келтірілу туралы хабарлады.

Бұл туралы осы аптада Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігінде жарияланды.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, 15 мамырдан Нөкіс-Бейнеу-Нөкіс бағытында, 16 мамырдан Алматы-2-Ташкент-Алматы-2 бағыты бойынша пойыздар қатынауы ашылады. Рейстер аптасына үш рет орындалады.15 мамырдан бастап 647/648 санды Нөкіс – Бейнеу – Нөкіс жолаушылар пойызы қатынай бастайды.16 мамырдан бастап Алматы-2 – Ташкент – Алматы-2 бағыты бойынша 1/2 санды («Тұлпар-Тальго») пойызы жолға шығады.

Айта кетейік, билеттерді электронды түрде және кассадан сатып алу мүмкін, ал Қазақстан шекарасынан өту үшін электронды билетті А4 форматындағы қағазға басып шығару қажет.

Еркінбек Бөденұлы аймақтық Журналистер одағының төрағасы болып тағайындалды Kaznews

Баян-Өлгий аймағының Журналистер одағы «Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі» күніне орай 11 мамырда конференция ұйымдастырды. Бұл конференцияға аймақтағы барлық БАҚ өкілдері, белсенді тілшілер қатысты. Одақ төрағасының қызметін атқарушы Еркінбек Бөденұлы одақтың тарихын таныстырып, бұған дейінгі атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы хабарлады.

Kaznews-тың дерегінше, одақтың бұрынғы төрағалары Сәбет Насырұлы мен Өмірбек Биқұмарұлы БАҚ саласындағы заңнамалар, жаңа медиалар туралы, Ховда университетінің аймақтағы филиалының ғылыми жетекшісі Хиналған Жылқыайдарқызы журналистика саласы және журналистердің қостілді білімі туралы баяндама жасаған.

«Өмірбек Биқұмарұлы одақ төрағасын рәсімдеуге байланысты ұсыныс білдіріп, БАҚ өкілдері бірауыздан Еркінбек Бөденұлын Баян-Өлгий аймағының Журналистер одағы төрағасына тағайындады», деп жазды Kaznews.

Сонымен қатар аталған іс-шарада аймақтық Бұқаралық радиосының тілшісі Маржан Кәкейқызы мен Дербес телеарнасының журналисті Жұлдыз Жұмағұлқызы сынды бірқатар БАҚ өкілдері марапатталды.

Төраға Си Цзиньпинмен бірге Абай әлемімен танысайық – «Халық газеті»

Қытайдың «Халық газеті» сайтында осындай тақырыптағы ақпараттық бейнежазба шықты. Бұл Дүниежүзілік кітап оқу күніне орай жарияланды.

«ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылдың 7 қыркүйегінде Орталық Азияға сапары кезінде Қазақстандағы Назарбаев университетіне барып, «Халықтар достастығын ілгерлету және жарқын болашақ құру» деген атпен дәріс оқыған болатын. Сол жолғы сөйлеген сөзінде Си Цзиньпин қазақтың ойшыл ақыны Абайдың: «Дүние үлкен көл, заман соққан жел, алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» деген терең мағыналы сөзін сілтемеге алып, жастардың асар асуы биік, жастар болашақтың ірге тасын қалаушылар, жастар ұлттың болашағы» деген тілегі мен сенімін білдірген болатын», деп бастайды бейнежазба авторы сөйлеген сөзін.

Автор «Дүниежүзілік кітап оқу күні» байланысымен Си Цзиньпинмен бірге кітап әлемін аралауды жөн санайды. Сонымен қатар ол ұлы ақынды көрермендерге таныстыра келіп, Абай қазақ даласының темір қазығы іспетті екенін тілге тиек етеді. Оның айтуынша, Абайдың «Қара сөздері» ұлы тұлға шығармашылығының шоқтығы биік бөлігі. Ол Абай қара сөздерінен үзінділер келтіре келіп, өз ойын «Абай қара сөздері - қазақ халқының әлем мәдениетіне сыйлаған теңдессіз рухани байлығы», деген сөзімен түйіндейді.

Баян-Өлгий қазақ театры Монголиядағы басқа өнер ұйымымен тығыз ынтымақтастықта болады - Kaznews

Баян-Өлгий аймағының М.Құрманхан атындағы Музыкалы драма театры мен Баянхонгор аймағының Музыкалы драма театрының бірлескен шығармашылық кеші 17 мамырда Өлгий қаласында, 19 мамырда Баянхонгор қаласында алғаш рет өтеді, деп хабарлайды Kaznews.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, М.Құрманхан атындағы музыкалы драма театрының қазақ ұлт аспаптар оркестері моңғол шығармаларын, ал Баянхонгор аймағының театрының оркестері қазақ шығармаларын көрермен назарына ұсынбақ.

«Баян-Өлгий аймағының М.Құрманхан атындағы Музыкалы драма театрының директоры Сәйгүлік Жәнімханқызының айтуынша, бұл жолғы іс-шара екі аймақтың мәдени қарым-қатынасын насихаттауға, дәріптеуге үлес қосады», деп жазады Kaznews.

Қазақстан – Гүлістанның стратегиялық сауда серіктесі - Parstoday

Иранның солтүстік облыстары Қазақстанмен әріптестікте маңызға ие, деп хабарлайды Parstoday ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, Гүлістан облысы теңіз жолымен қоса, тас және темір жол дәліздері арқылы Түркіменстан территориясынан өтіп, Қазақстанмен байланысып жатыр. Бұл облыста қазақтардың басқа ортаазиялық ұлттарымен тату тіршілік етуі Гүлістан мен Қазақстан арасында мәдени байланыстарды арттыра түсті. Мұнымен қоса, аталған облыстың Орта Азиямен, әсіресе Қазақстанмен ортақ тарихы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі мен ортақ мәдениеті Қазақ елімен көбірек және жақсырақ түсіністік орнауына жағдай жасады. Осы ерекшеліктерге байланысты Қазақстан Гүлістанның стратегиялық мақсаттарында айрықша орынға ие.

«Қазақстан тұрақты, бай да мықты ел ретінде Гүлістан облысы үшін маңызды сауда серіктес саналады. Бұл Гүлістанның ерекше географиялық жағдайына байланысты айтылған. Басқа жағынан осы облыста тұратын қазақтардың талпыныстары нәтижесінде Қазақстанмен сауда-экономикалық қатынас күн өткен сайын нығайып келеді. Горган мен Ақтау арасында тікелей рейс те соңғы жылдары осы қажеттіліктерді өтеу үшін ашылды. Басқа жағынан Гүлістан облысының Түркіменстанның Балканабад облысы арқылы Қазақстанның Маңғыстау облысына темір жолмен жалғануы да соңғы жылдарда мол мүмкіндік тудырды...», деп жазады ирандық БАҚ.


Соңғы жаңалықтар