БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайлық Чжан Ханлян төрт минуттық «кунг-фу» фильмін түсіріп, интернетте «Қытай батыры» деген атпен жұлдызға айналды.
2007 жылдан бері Чжан Ханлян Қытайдың Ганьсу провинциясындағы Тяньшуй педагогикалық университетінде жекпе-жек өнерінен сабақ береді. Ол - Қытайдың ұлттық жекпе-жегінен бірінші дәрежелі спортшы және бірінші деңгейлі төреші.
Қытайдың жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, 35 жастағы әйел мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ол 13 жасында «қытайлық кунг-фумен» айналыса бастап, 22 жыл жаттығып, мол тәжірибе жинақтаған.
Бос уақытында ол «кунг-фу» жаттығулары туралы бірнеше бейнеролик түсіріп, қытайлық әлеуметтік желі платформаларына жариялайды.
Чжан Ханлянның айтуынша, оның бұл фильмдерді түсірудегі басты мақсаты - жаңа медиа платформалар арқылы көпшілікке «кунг-фу» мәдениетін насихаттау және Қытайдың дәстүрлі спорт түрлерін түсіндіру.
Жақында ол түсірген 4 минуттық «Кунг-фу» бейнебаяны 6,6 миллионнан астам қаралым жинап, Чжан Ханлянды қытайлық интернетте жұлдызға айналдырды.
Жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында жас «кунг-фу шебері» бүкіл әлем халқына қытай мәдениетін таныстырып, адамдарды жақындастырғысы келетінін айтты.