Қытайлық инвесторлар Ақтөбеде бірнеше жобаны қолға алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қытайлық инвесторлар Ақтөбедегі бірнеше зауытқа қаржы салмақ. Жарылғыш заттар шығаратын зауыт пен тығайтқыш шығаратын өндіріс орнының 2020 жылы іске қосылуы жоспарланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қытайлық инвесторлар Ақтөбедегі бірнеше өндіріс орнын қолға алды. Мәселен, Шилісай кен орнындағы тыңайтқыш шығаратын зауыт кеңейтілмек. Ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш өндіретін зауытта енді диаммоний фосфат және моноаммоний фосфат шығарылады. Мұғалжар ауданында орналасқан бұл зауытқа инвесторлар 1,4 миллиард доллар қаржы салмақ. Қытайлық «Wengfu Group Co Ltd» компаниясы негізгі инвестор және жобалаушы. Болжам бойынша кен орнының шикізаты 50 жылға жетуі тиіс. Тыңайтқыш Қытай, Орталық, Шығыс Еуропа мен Қара, Балтық теңіздері аумағына шығарылады. Алғашқыда жылына 860 мың тонна, кейін 1,6 миллион тонна тыңайтқыш өндірілмек.

«Өндіріске қажетті жарылғыш заттар шығаратын «Нитрохим Групп»  компаниясына қытайлық инвесторлар қаржы салады. Өндіріс ауқымын кеңейтуге арналған жобаны «Norinco International» компаниясы қолға алды. Қуаттылығы жылына - 450 мың тонна. Мұнда 1 мың адам жұмыс істейді. Жоба 2020 жылы іске асырылады деп жоспарланған. Қытайлық компания жобалау, құрылыс, монтаждау, зауытты іске қосу, мамандарды оқыту жұмыстарын толық өз міндетіне алып отыр. Қазіргі кезде техникалық-экономикалық негіздеме, бизнес жоспар дайындалуда»,- деді Ақтөбе облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Дархан Ермағанбетов.

Айта кетейік, алдағы уақытта қытайлық инвесторлар Калий тұзы зауытын салуы мүмкін. Қазір тұздың қоры анықталып жатыр. Сонымен қатар, Цемент зауытына да қытайлық инвесторлар қызығушылық танытты. Ал биыл Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты іске қосылды. Бұл қытайлық компанияда 80 адам жұмыс істейді. Мұнай-газ жабдықтары мен құбырлар шығаратын зауытқа 5 миллиард теңге инвестиция салынды. 

Соңғы жаңалықтар