Қытайға тұрмысқа шыққан қазақстандық қыз туралы фильм түсірілмек

2016 жылғы 25 қараша, 13:09
Қытайға тұрмысқа шыққан қазақстандық қыз туралы фильм түсірілмек

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақфильм» АҚ мен «Батыс Қытай фильм» корпорациясы бірлесіп, «Махаббат өткелдері» атты романтикалық комедия жанрында фильм түсірмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы 23 қараша күні Қытайдың Сиань қаласында өткен Қазақстан-Қытай БАҚ өкілдерінің форумында «Батыс Қытай фильм» студиясының бас менеджері Жау Вентау мәлім еткен.

Қытайлық news.sina.com сайтының хабарлауынша, форумда Жау Вентау үшінші халықаралық "Жібек жолы" кинофестивалі аясында Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ мен "Батыс Қытай киносы" корпорациясы серіктестік туралы меморандумға қол қойылғандығын, сондай-ақ ол меморандумның екі елдің мәдениет, кино, телевидение саласындағы ынтымақтастығына оң өзгерістер әкелгендігін айта келіп, тараптардың алғашқы бірлескен жобасы - «Махаббат өткелдері» фильмі түсірілетіндігін жеткізді.

Қытайға тиген қазақстандық қыз, фильмнің сценарисі әрі бас кейіпкердің прототипі София Ұшырованың айтуынша, туынды, романтикалық комедия жанрындағы фильм болмақ. Онда, қазақстандық заңгер қызбен қытайлық касіпкер жігіт арасындағы махаббат хикаясы баяндалады.

Айта кетейік, 1958 жылы «Батыс Қытай киносы» кинокомпаниясының негізі қаланды. Ол - Қытайдағы 4 ірі мемлекеттік компанияның бірі. Корпорация халықаралық кинофестивальдерде танымал. Қытайлық киностудияда 1000-нан астам көркем фильм түсіріліп, олар 70-тен астам халықаралық сыйлыққа ие болды.

Дегенмен, «Қазақфильм» АҚ қытайлық кинематографистермен меморандумға қол қойылғанын, бірақ әзірге нақты жобалардың талқыланбағанын хабарлады.

Қазіргі уақытта Қазақфильмнің Қытаймен бірлескен бір ғана жобасы бар - ол бір кездері КСРО-да өмір сүріп, қызмет атқарған талантты қытайлық композитор Си Синхай туралы «Композитор» фильмі (Оның есімі Алматы мен Астана көшелеріне берілген).


null

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar