Қытайға тағы бір тайфун жақындай түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚХР-дың су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы мемлекеттік штабы «Ханун» тайфунының жақындауына байланысты 4-деңгейдегі жедел әрекет ету режимін іске қосты. Сондай-ақ, Чжэцзян провинциясына (Шығыс Қытай) биылдыққа алтыншы тайфунның салдарын жоюға көмектесу үшін жұмыс тобын жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Синьхуа» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

ҚХР штаб кеңсесі мен төтенше жағдайларды басқару министрлігі өткізген бірлескен кеңесте су тасқыны мен тайфунға қатысты жағдай күрделі болып тұрғаны айтылды. Хуанхэ өзенінің бассейніндегі су тасқыны орта және төменгі ағысқа қарай таралып, су жолдары мен бөгеттерге айтарлықтай қысым түскені де аталып өтті.

Сақтандыру шараларын қабылдау елдің солтүстік-шығысындағы Цзилинь және Хэйлунцзян провинцияларында жауын-шашынмен, сондай-ақ «Ханун» тайфунының күрделі және белгісіз бағытымен күрделене түсуі мүмкін деп болжанады.

Осындай қолайсыз жағдайды ескере отырып, штаб пен министрлік елдің солтүстік-шығыс аудандарында қарқынды жауын-шашынға даяр болуға, «Ханун» тайфунының қозғалысын мұқият бақылауға және дайындық жұмыстарын жүргізуге барлық күшті жұмсауға шақырды.

Чжэцзян провинциясы «Доксури» тайфунынан кейінгі «Ханун» тайфунының жақындауына байланысты төтенше жағдайға жауап беру деңгейін 4-тен 3-ке дейін көтерді. Жергілікті метеоқызмет алдағы күндері нөсер құйып, теңіз толқындары 8-10 метрге дейін көтерілуі мүмкін деп болжады.


Соңғы жаңалықтар