Қытайға Қазақстан астығын тасу үшін арнайы квота алу керек - М. Оразаев

None
None
АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Қытайға Қазақстан астығын тасымалдау үшін арнайы квота алу керек. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Марат Оразаев  мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Бұған дейін Қытай мен Қазақстанның арасында азық-түлік корпорациясы деңгейінде қытайлық компаниямен келісімшарт түзілген болатын. Бұл келісім 2008 жылдың басында жасалып, онда елімізден 10 мың тонна бидайды тасымалдау туралы айтылған еді. Бүгінгі күні қытайлық тарапқа бұның тексеру бөлігі үшін шамалы бидай жіберілген. Сол бойынша олар шешім қабылдауы тиіс. Ал екі мемлекеттің үкімет басшылары деңгейіндегі астық сатып  алу туралы келісіміне сәйкес, Қазақстанның Қытайға бидай тасымалдауы үшін арнайы квота алуы тиіс екен. Бұл квотаны да сол елдегі мемлекеттік комиссия шешетін түрі бар. Дегенмен, жақын аралықта Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитетінің отырысы өтетіні белгілі. Сыртқы істер министрлігі арқылы астық тасымалдау мәселесін шапшаңдату, 2010 жылдан бастап астық алуға квота алу туралы мәселені сол жиынның күн тәртібіне енгізгелі отырмыз», деді М. Оразаев.

 Сонымен бірге, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов астық сатып алуға қатысты ағымдағы бюджеттен 5 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінгенін айта келе, қазіргі уақытта рекордтық астықты ысырап қылмау тетіктері қарастырылып жатқанын атап өтті. 

 «Қазіргі күні астық проблемасын шешу үшін оны сатып алу мөлшерін 3 млн. тоннадан 4-5 млн. тоннаға дейін арттыру жолдары да қаралуда», деді Б. Сұлтанов.  

Соңғы жаңалықтар