Қытайдың Қарамай қаласында бәйге, көкпар, қыз қуу сынды ат ойындары өтті - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қазақстан елшісі Ердоғанға cенім грамотасын тапсырды - TRT

Қазақстан, Вьетнам және Кубаның Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшілері президент Режеп Тайып Ердоғанға cенім грамотасын тапсырды. Түркия республикасының президенті Режеп Тайып Ердоғанға астана Анкарадағы Президенттік сарайда Қазақстан республикасының Түркия республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиевтің cенім грамотасын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды « Түркия Радио Теледидар « ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, президент Режеп Тайып Ердоған Қазақстан республикасының Түркия республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиев, Вьетнамның Түркиядағы өкілетті елшісі До Сон Хали, Кубаның өкілетті елшісі Алехандро Франсиско Диас Паласиосты жеке-жеке қабылдаған.

Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асты - «ӨзА»

Айта кетейік, 4 мамыр күні Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Өзбекстан Үкіметінің басшысы Абдулла Ариповпен телефон арқылы сөйлескен болатын.

Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынасты тереңдетудің, оның ішінде өзара сауда көлемін арттырудың, өнеркәсіптік кооперация мен су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Бұл туралы осы аптада Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігіде хабарлады.

Айта кету керек, Әлихан Смайылов биылғы жылдың бірінші тоқсанында екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллардан асқанын, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға артық екенін айтты.

«Сондай-ақ тараптар «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын іске қосу секілді бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін қарады», деп жазады өзбекстандық БАҚ.

Илон Маск Twitter-ге қазақ тілін енгізе ма? - Kaznews

Илон Маск Twitter-ді сатып алған соң оған бірқатар өзгеріс енгізетінін айтты.

Бұл туралы осы аптада Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, қазіргі климат дағдарысы жайлы жалған ақпарат беретін, климаттың өзгеруі проблемасын жоққа шығаратын жарнамаларға тыйым салынғаны мәлім болды. Бұл бағытта жарнамаларға ғана емес, климаттың өзгеруін жоққа шығаратын, экологиялық проблеманы мойындамай, оның асқынуына жол ашатын ғалымдардың еңбектері де жарияланбайды.

Әлеуметтік платформаның иесі атанысымен Илон Маск желі қолданушыларының ұсыныстары мен сынын қабылдайтынын жазған.

Моңғолиялық БАҚ-тың дерегінше, осыған орай Twitter-дің қазақтілді қолданушыларыда өз ұсыныстарын айта бастаған.

«Қазіргі уақытта Twitter-ді қолданушы қазақтар, яғни қазақ тілінің жанашырлары Илон Масктен Twitter платформасына қазақ тілін енгізуді сұрап пост жариялады. Олар өтініштерін #kazakhlanguageintwitter хэштегімен «платформаға қазақ тілін қосыңызшы» деп жолдады. Әлемдік инновация мен технологияның көш басында келе жатқан Twitter иесі «тілім жоғалмаса» деген қазақ жастарының үніне құлақ аса ма? Twitter-ге қазақ тілін енгізе ме? Ол жағы алдағы уақыттың еншісінде», деп жазды Kaznews.

Қарамай қаласында бәйге, көкпар, қыз қуу сынды ат ойындары өтті – «Халық газеті»

Қытайдың «1 мамыр» мемлекеттік мерекесінде орай Шыңжаңның Қарамай қаласының тұрғындары, қала қонақтары ат спорты алаңында мерекені тойлауға арналған «ат спорты ойындарын» тамашалады, деп хабарлайды қытайдың « Халық газеті « ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, Қарамайлыда өткен ат жарысында шабандоздар атына қамшы басып, бірінен бірі озып, бәйгенің көрігін қыздырды.

«Солтүстік Шыңжаңның қалалары мен елді мекендерінен келген 40-тан астам жүйрік тай, құнан бәйгеге және 15 шақырымдық аламан бәйгеге қатысты. Осы аралықта қала тұрғындары мен туристер көкпар, қыз қуу сияқты ұлттық ойындарды да тамашалады», деп жазады қытайдық БАҚ.

Мамырдың соңына дейін «Астана келіссөздерінің» жаңа раунды өтеді – Parstoday

Бұл туралы ирандық Parstoday ақпарат агенттігі 6 мамыр күні хабарлаған болатын.

Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары және Батыс Азия бойынша арнайы өкілі бейсенбі күні «Астана келіссөздерінің» жаңа раунды осы айдың соңында (мамырда) Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтанда өтеді деп үміттенді, деп хабарлады Parstoday.

Ирандық БАҚ-тың мәліметі бойынша, Михаил Богданов Астана келіссөздерінің жаңа раундын өткізу туралы алғашқы келісімге осы айдың соңында қол жеткізілгенін мәлімдеді. Бұл мәселеге байланысты Теһран, Анкара және Сирия басшыларымен келіссөздер жүргізілді.

«Сарапшылар деңгейіндегі Астана отырысының соңғы отырысы өткен жылдың желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Иран, Түркия және Ресей «Астана үдерісінің» кепілі ретінде Сирия дағдарысын шешуге күш салуда», деп жазады Parstoday ақпарат агентті.

Айта кетейік, ирандық БАҚ бұл ақпаратын Tasnim-ге сілтеме жасап хабарлаған болатын.

Қазақ - Қытай дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығына орай кітап алмасу симпозиумы өтті - «Халық газеті»

Апта басында Қытайлық «people.cn» порталында осындай тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында V Еуразия халықаралық кітап көрмесі болды. Осыған орай «Өзара қолдау және ынтымақ арқылы тең ұтысқа жету – Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарының 30 жылдығына арналған кітап алмасу симпозиумы» онлайн және офлайн режимде өтті, деп хабарлайды «Халық газеті».

Аталған жиналыста Қытайдың Үгіт-насихат министрлігі импорт және экспорт басқармасы директорының орынбасары Чжао Хайюнь интернет арқылы онлайн қатысып сөз сөйледі. Онда ол Қытай мен Қазақстан арасында осыдан 30 жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнатқаннан бері екі елдің баспа ісі саласындағы ынтымақтастығы молайғанын және жемісті нәтижелерге қол жеткізгенін айтқан.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, аталған жиналыста қазақстандық тарап ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Баспа ісін басқару департаменті директорының орынбасары Жақыповтың сөзін оқыған. Жақыпов өз сөзінде соңғы жылдары қазақ синологтары қытай тіліндегі көптеген тамаша кітаптарды аударғанын, қазақ оқырмандары да Қытайдың заманауи экономикалық және әлеуметтік жағдайларын баяндайтын, Қытайдың шынайы өмірімен таныстыратын еңбектерді көбірек көргісі келетінін жеткізді.

«Сондай-ақ, қытайлық және қазақстандық ғалымдар, аудармашылар мен баспагерлер өзара бірігіп, кітап аясында Қытай мен Қазақстан арасындағы достық көпірін салып, екі елдің мәдени алмасуына көбірек үлес қосуды үміт ететінін білдірді», деп жазды қытайлық БАҚ.

Айта кетейік, Қазақстандық баспа мекемелерінің өкілі Адай Сәкенұлы Қытай баспаларымен бірлесе кітап басып шығарудағы көп жылғы тәжірибесімен бөлісіп, Қазақстанда жарық көріп жатқан қытай тақырыбындағы кітаптардың академиялық және нарықтық құнымен таныстырған.

«Симпозиумда сондай-ақ ҚКП ОК партия мектебі парткомының бұрынғы мүшесі, бірінші дәрежелі профессор Хань Цинсянның «Қытай жолы әлемге не сыйлайды» кітабының қазақша нұсқасы таратылды. Сондай-ақ Жэньмин (Халық) университеті баспасы Қазақстаннан шығарған 60-тан астам орыс және қазақ тіліндегі кітаптар көрсетілімі болды», деп түйіндейді «Халық газеті».


Соңғы жаңалықтар