Қытайдың ірі мегаполисінде локдаун енгізілді

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – 13 миллион тұрғыны бар Сиань қаласында жүздеген адамнан коронавирустың дельта-штамы анықталған соң, Қытай билігі қаланы карантинге жауып тастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейсенбі күні Сиань қаласының халықаралық әуежайы барлық ішкі 765 рейсті тоқтатты, көптеген бағыттар бойынша пойыздар жүрмейді.

Бейсенбіден бастап 2020 жылғыдай қатаң локдаун енгізілді, мегаполис тұрғындарына үйінен шықпауға нұсқау берілді.

Бір үйден бір адам екі күнде бір рет қана дүкенге ең қажетті азық-түлік алуға бара алады.

Сианьдағы барлық бұқаралық шаралар өткізілмейтін болды. Кәсіпорын қызметшілері қашықтан жұмыс істеуге көшіріліп жатыр.

Қалада 3,5 мың мектеп жабылып, оқушылар қашықтан оқуға жіберілді.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, білім беретін мекемелердің жабылуы 2 миллионнан астам адамға тікелей әсер етті.

Қазіргі таңда мегаполисте эпидемиологиялық қауіп жоғары бір аудан және эпидемиологиялық қауіп орташа 40 аудан бар.

Қаладан шығу үшін коронавирус жоқ деген тест сертификаты мен жергілікті биліктен хат көрсету қажет.

9 желтоқсаннан бері Сиань қаласында коронавирус жұқтырудың 200-ден астам оқиғасы анықталды.

Ал сәрсенбі күні бір тәулікте 127 адамнан вирус табылып, ең жоғары көрсеткіш тіркелген.

Сианьда шектеу шараларын күшейту елде Қысқы Олимпиада ойындары мен дәстүрлі түрде халық көп қыдыратын Қытай жаңа жылы қарсаңында коронавирустың таралуын болдырмау үшн қажет.


Соңғы жаңалықтар