Қытайдың ірі банкі Қазақстанға инвестиция салмақ

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев «China Construction Bank» басқарма төрағасы Тянь Голимен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі.

Тараптар Қазақстанның қаржы құрылымдары мен «China Construction Bank» арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Ш.Нұрышев «Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қолдаудағы қытай қаржы институттарының рөлін, сондай-ақ ҚР мен ҚХР арасындағы Индустрияландыру және инвестициялар жөніндегі бағдарлама аясында жалпы құны 28 млрд АҚШ долларын құрайтын 51 жобаның іске асырылуы туралы айтты.

«Жуырда ғана Шанхай қор биржасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы таныстырылды. 2018 жылдан «ЭКСПО-2017» базасында Орталық Азиядағы ең ірі қаржы хабы жұмысын бастайды. Сіздің банкіңізді АХҚО қызметінде белсенді рөл атқаруға шақырамыз», - деді ол.

Өз кезегінде Тянь Голи еліміз экономикасына инвестиция салып, жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.

Тараптар Қазақстанда «China Construction Bank-тің» еншілес банкін ашу мәселесін талқылады.

1954 жылғы 1 қазанда Бейжің қаласында құрылған банктің Қытайда 15 мың бөлімшесі бар, шет елдерде 11 еншілес банкі, 22 филиалы бар.

2017 жылы банк «Forbes Global 2000» халықаралық рейтингінде 2-орынды, «Fortune Global 500» рейтингінде 28-орынды иеленді.

2017 жылдың мамыр айында банк активтері - 3,01 трлн долларды, нарықтық капиталдандыруы - 200,5 млрд долларды, жылдық табысы - 134,24 млрд долларды (-8,7%), түсімі -  34,98 млрд долларды (-4%) құрады. «China Construction Bank» 3,9 млн заңды тұлғаға және 340 млн жеке клиентке қызмет көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар